Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

«100 мың балаға бір-ақ рентген»: МӘМС-ке ақшаны не үшін төлеп жүрміз?

Азамат Ахметов

Астана тұрғыны еліміздің медицина саласын қатаң сынға алды. Айнаш есімді келіншек жарақат алған баласын қаладағы жалғыз травмотологиялық орталыққа апарып, рентгенге түсіру үшін ұзақ уақыт күткен екен. Жыл сайын МӘМС-ке миллиардтаған ақша құйылса да, баяғы жартас сол жартас дейді ол.

«Қызым ойнап жүріп басынан ауыр жаоақат алды. Құдай сақтап, бас сүйегі аман екен, бірақ түріне қарап жүрегің ауырады. Жедел жәрдем сол жағалаудан 20 минутта әзер жетті, қаладағы жалғыз травмотологиялық орталыққа апару үшін тағы жарты сағат жүрдік. Ол жерге барғанда бір ғана рентген аппараты жұмыс істейді екен. Түсінесіздер ме, қаладағы жүздеген мың балаға небәрі бір рентген қызмет көрсетеді. Бізден басқа қаншама бала кезек күтіп тұрды: бірі екінші қабаттан құлаған, бірінің басы жарылған, өзгесі фонтанға тайып құлап бетін бұзып алған – бәрінің жарақаты ауыр», – дейді келіншек.

Ашынған ана Президент пен қала әкімдігінен Астананың әрбір ауданында және Қазақстанның барлық қаласында заманауи травмотологиялық орталықтар ашуды сұрап отыр.

«Егер ашпасаңыздар біз балаларымызды Қошқарбаев көшесіндегі ауруханаға жеткізе алмай қалуымыз мүмкін. Сонымен қатар, осындай оқыс жайттарды болдырмас үшін балалар алаңдарындағы ойын құралдарын да жөндеуді сұраймын. Олардың жағдайы өте нашар, балалардың өміріне қауіп төндіреді. Мәселен, өткен жылы Щучьеде кішкентай баланың басына футбол алаңшасындағы темір тіріп кеткен. Оны шұғыл Көкшетауға апарып емдеді. Сонда Бурабайға демалуға келген шетелдіктермен оқыс оқиға болса оларды да басқа қалаға тасымалдап жүресіздер ме? Біз ай сайын МӘМС-ке ақшаны не үшін төлеп жүрміз, жалғыз рентгенге сағаттап кезекте тұру үшін бе», – дейді Астана тұрғыны.

Ол сондай-ақ, аты бар заты жоқ шаралар өткізе бермей, нәтижеге жұмыс істеп, балалардың қауіпсіздігін күшейтуді де сұрап отыр.

Сізге қызықты болады