Түркістанда сотталған полицейлер сот залында төбелес шығарды: судья мен прокурор қашып кетті

Азамат Ахметов

Түркістан қалалық сотында екі адамды «екі қой ұрладың» деп азаптаған алты полицей үш жарым жылдан төрт жылға дейінгі түрме жазасына кесілді деп хабарлайды Азаттық радиосы. Сот оларды «заңсыз ұстау» және «азаптау» баптарымен кінәлі деп тапты.

Сот үкімін тыңдауға жүзден аса адам жиналып, ал сот залына сыймағандар сыртта қалды, тағы ондаған адам сот кабинетінің терезесінен қарап тұрды.

Жиналғандар мен сотталушылар үкімді үнсіз тыңдады. Судья «дәлелдемелерге күмәнмен қарауға негіз жоқ» деген сәтте полицейлер айыпты мойындамай, сот залында төбелес шығарды.

Нақтырақ айтқанда, олардың бірі өздері тұрған қоршаудың әйнегін сындырып, сыртқа секіріп түсті. Судья мен прокурор сот залынан қашып шығып, сотталушыларды айдауылдар мен полицейлер ұстап қалды.