Петроавл қаласының белсенді тұрғындары Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшеге бұрынғы Мир деген атауын қайтаруды сұрап отыр. Астананың атауын қайтарғандықтан көшеге де бұрынғы атауын беру қажет дейді олар. Бұл туралы Петропавловск.news порталы жазды.
СҚО орталығындағы Назарбаев көшесі қаладағы ең басты көшелердің бірі. Алайда, бет-бейнесі ұсқынсыздау дейді жергілікті халық. Оның бастауы қоқыс төгетін орыннан басталады. Жол бойында да жұртқа мақтанатындай ешнәрсе жоқ.
Қазіргі Назарбаев көшесі жалпы алты рет атауын ауыстырған екен. Алғашқысы – Новомечетная, ары қарай Крестьянская, Мирзоян, Папанин, соңында Мир болып өзгерген. 2019 жылы Тоқаев президент болғаннан кейін әр облыс орталығында Назарбаевқа көше атауы берілуі керек деген ұсыныс айтқан болатын. Сол уақыттан бері осынау көше Қазақстанның бірінші президентінің атымен аталады.
Қала тұрғындары жаңа атауға төрт жылдан бері үйренісе алмай келеміз дейді. Сондықтан алдыңғы атауы қайтарылсын дейді олар.