«Төртінші кезеңде өмір сүріп жатырмыз»: қырғызстандық сейсмолог Алматыдағы жер сілкіністері туралы айтты

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Қырғызстанның Сейсмология институты директоры Қанат Әбдірахматов Тянь-Шань тауларындағы сейсмикалық кезеңдер жайлы зерттеуді жариялады, деп хабарлайды qonaev.info.

Қанат Әбдірахматов 2008 жылдан бері  төртінші сейсмикалық кезеңде өмір сүріп жатқанымызды алға тартты. Оның айтуынша, әр кезеңнен соң жер дүмпуінің белсенділігі әлсірейді екен.

«Суретте жиырмасыншы ғасырда және жиырма бірінші ғасырдың басында Тянь-Шаньдағы негізгі сейсмика көріністері көрсетілген. Бұл профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының сейсмология институтында ұзақ жыл жұмыс істеген ғалым, марқұм Э.М. Мамыровтың деректері бойынша», - деп жазды ол.

Сейсмологтың айтуынша, қызыл түс күшті жер сілкінісі болған кезеңдерді, жасыл түс тыныш кезеңдерді көрсетеді. Бірақ ол тыныштық кезеңі жер сілкінісі мүлдем болмаған дегенді білдірмейді. Тербелістер болды, бірақ орташа, олардың қарқыны 5-6 баллдан аспаған деп түсіндірді.

"Өздеріңіз көріп отырғандай, қазір 2008 жылы басталып, біздің болжамымыз бойынша 2026 жылы аяқталатын сейсмикалық белсенділіктің төртінші кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, Э.М. Мамыровтың есептеулері бойынша, қазір белсенді кезеңде жер сілкінісінің күші 5-6 баллдан аспауы керек еді. Бүгінгі күнге дейін бұл болжамдар орындалған. Біздің күткенімізден асқан жалғыз оқиға 23 қаңтардағы Қытай жер сілкінісі болды", - деп жазды сейсмолог өзінің парақшасында.