Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр

Азамат Ахметов
Фото: ашық дереккөзден

Еліміздің 17 өңірінің 15 өңірінде, сол сияқты Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. 

Абай облысында – 475, Ақмола облысында – 717, Алматы облысында – 606, Шығыс Қазақстан облысында – 537, Жамбыл облысында – 493, Жетісу облысында – 447, Қарағанды облысында – 642, Қостанай облысында – 745, Павлодар облысында – 528, Солтүстік Қазақстан облысында – 640, Түркістан облысында – 919, Ұлытау облысында – 136, Астана қаласында – 406, Алматы қаласында – 600, Шымкент қаласында 311 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Ал Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де, Астана уақытымен сағат 08:00-де басталады.

Айта кетейік, бүгін, 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтеді.

Дауыс беруге 18 жастан асқан Қазақстан азаматтары қатыса алады.

Дауыс беруге қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне барлығы 11 950 485 адам енгізілген. Сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлаушылардың жалпы санының бір пайызын құрайтын резервті қоса алғанда, сайлау бюллетеньдерінің саны 12 069 990 дананы құрайды.

Бюллетеньдерде келесі кандидаттардың есімдері көрсетілген:

  • Әбден Қарақат Жақсылыққызы;
  • Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлы;
  • Дайрабаев Жигули Молдақалықұлы;
  • Қажыкен Мейрам Зекешұлы;
  • Тоқаев Қасымжомарт Кемелұлы;
  • Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызы.

Дауыстарды санау жергілікті уақыт бойынша 20:00-де басталады және ол дауыс беру аяқталғаннан кейін 12 сағат ішінде қорытындылануы тиіс. Содан кейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала және түпкілікті қорытындыларын жариялауы қажет. Сайланған президентті тіркеу 27 қарашаға дейін өтуі керек.

Учаскелер жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады. Дауыс беру күні республика бойынша барлығы 10 101 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жанынан 53 шет мемлекетте 68 учаскелік комиссия құрылды.

Сізге қызықты болады