Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

«Басқа жерге кеткіміз келмейді»: Павлодар тұрғыны қазақ халқына алғыс айтты

Азамат Ахметов

«Эльбрус» Павлодар қарашай-черкес және кабардин-балқар ұлттық-мәдени орталығының» төрайымы Мария Байрамқұлова жерлестерін Алғыс айту күнімен құттықтады. Бұл туралы Qonaev.info Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

1944 жылы 8 наурызда балқар халқы Орта Азия мен Қазақстанға күштеп көшірілген еді. Мария Алботақызы туған халқының басына түскен қасіретті жылдарды еске алмай кете алмады.

«Қарашайлар мен балқарлар Қазақстанда 75 жылдан артық уақыт тұрады. Бізді мұнда күштеп көшіріліп әкелді, алайда біздің қазір басқа жерге кеткіміз келмейді. Балаларымыз, немерелеріміз бен достарымыздың бәрі осында. Осы жерде қазақ халқының кең пейілін көрдік. Әсіресе бізді тіл ортақтығы біріктірді. Бізді депортациялаған кезде көбіміз ана тілінен басқа тілді білмейтін еді», - дейді Мария Байрамқұлова.

Түркі халықтары арасындағы бауырластықтың дәлелі ретінде Мария Алботақызы өмірінен бір естелік келтірді. Бірнеше жыл бұрын әпкесі ауыр кеселге душар болып, кейбір дәрігерлер оны емдеуден бас тартқан болатын. Бірақ №1 қалалық аурухана дәрігерлері қолдарынан келгенін істеп, жан жылуы мен кәсіби шеберлігімен әпкесінің өмірін ұзарта алған.

«Біздің халықтардың қаны бір» деді бір дәрігер. Олардың жасаған жақсылығын айтып жеткізе алмаймын. Әпкем содан соң үш жыл өмір сүрді. Бұл оқиға есімде мәңгіге қалды», - дейді Мария Алботақызы.

Сөз соңында Мария Байрамқұлова әрбір ұлтқа тілін, салтын білуге мүмкіндік жасап, кез келген азаматтың шыққан тегіне қарамастан білім алып, мамандықты игеруге жағдай жасаған мемлекетке алғыс айтты.

Архивтік мәліметтерге сәйкес, 1944 жылы шығысқа 37 мың балқар бар 14 эшелон жөнелтілді. Халықтың 52 процентін балалар, тағы 30-ын әйелдер құрады. 1948 жылға қарай көшірілгендердің 27,8% көз жұмды.

Сізге қызықты болады