Биыл маусым айының басында Абай облысында болған алапат орман өртінен 15 орманшы қаза тапқан болатын. Бүгін марқұмдардың құрметіне Семей қаласында мемориалды тақта ашылды.
Әруаққа көрсетілген құрмет жақсы, әрине. Алайда, мемориалды тақтаның ашылу рәсіміне әкімдік қызметкерлерінің ешбірі келген жоқ. Бұл туралы журналист Гүлбану Әниятқызы өзінің Facebook-парақшасында жазды.
«Семейдегі өртте қаза болған 15 орманшыға мемориалды тақта қойылыпты. Елеусіз ғана “Семей орманы” резерваты қызметкерлерінің қатысуымен өткен. Ресторан ашылса да шапқылайтын, лента кескіш әкімдер төбе де көрсетпепті. Осындаймыз», – деп жазды журналист.
Еске салайық, Абай облысындағы алапат өрт тұтанып жана бастағанда, облыс әкімі Нұрлан Уранхаев облыстың бір жылдық мерекесін атап өтіп, той тойлап жүрген. Халық оның отставкасын талап еткенімен, Президент тек сөгіс берумен ғана шектелді.
Ал, әлеуметтік желі қолданушылары болса облыс әкімі Нұрлан Уранхаевтың салтанатты рәсімге қатыспағанына наразылығын білдіруде.