Нұртөре Жүсіп премьер-министрдің атына сауал жолдады
Сенатор Нұртөре Жүсіп еліміздегі деструктивті ағымдар туралы мәселе көтеріп, премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.
Ислам атын жамылып, қазақтың салты мен дәстүріне тыйым салғысы келетін ағымдарға қатысты бұған дейін Мәжіліс депутаттары да шара қолдануды сұраған.
«Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Конституцияға сәйкес бізде ар-ождан бостандығы бар. Иман – жүректе. Ізгілік – тілекте. Азамат қай дінді ұстанады, оның сенім-нанымы қандай, әркімнің өз еркі. Бұған Ата заңда кепілдік берілген. Бірақ, солай екен деп өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды ала тайдай бүлдіруге, өз діни ұстанымын өзгеге таңуға, топ құрып, жік-жікке бөлінуге жол беруге болмайды. «Домбыра – харам, сәлем салу – харам, елдің бәрі хиджаб пен ниқаб киюі керек» деген талаптар Конституциямызға қайшы келеді», - деді ол.
Депутат жаһандану заманында ғылым мен технологияға ұмтылуға үгіттеді.
«Өркениет көшін бастап келе жатқан мемлекеттер қайда, біз қайдамыз? Озық жұрт қазір Жасанды интелект, технологиялық жетістіктермен айналысып жатқанда, біз елімізді орта ғасырдағы деңгейге сүйремекпіз бе? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі», – деп атап өткен болатын.Ұлттық құндылықтар – қазіргідей жаһандану кезеңінде жастарды түрлі гибрид, суб мәдениеттердің ықпалына түсіп кетуден қорғайтын бірден бір иммунитет», - деді Н.Жүсіп.
Еске салайық, кеше Мәжіліс отырысында депутаттар Ермұрат Бапи мен Аманжол Әлтай елдегі салафилік ағым ұстанушыларының көбейіп кеткенін, олардан қауіптің бар екенін айтқан болатын.