Отырарда кішкентай қыздарды зорлаған күзетшіге қатысты тың деректер пайда болды

Азамат Ахметов

Ауылдастары 33 жастағы жігіттің намазхан екенін айтып отыр

Түркістан облысында болған жағаұстатарлық оқиғадан бүкіл ел тұрғындарының шашы тік тұрды десек артық айтпағанымыз. Балабақша күзетшісінің бастауыш сынып оқушыларын зорлағаны туралы ақпарат тарағаннан кейін жәбірленгендер саны тағы артты. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлап отыр.

Қамауға алынған жігіт өзіне тағылған айыптардың бәрін мойындаған. Облыстық полиция департаменті зорланған қыздардың үшеу екенін айтқанымен, тұрғындар кемі жеті оқушының зәбір көрген болу мүмкін дегенді алға тартуда.

Күдікті ер адам 33 жаста. Бір рет үйленіп ажырасқан екен. Бір баласы бар. Соңғы үш жылда балабақшада күзетші болып жұмыс істеген. Қыздарды зорламастан бұрын әбден қорқытқан, кейін әрбіріне мың теңгеден беріп шыққан.

«Момын, өте момын. Қарапайым, айтқаныңды уақтылы орындайтын қызметкер. Жаман мінездеме бере алмаймыз. Ұжым сенбейді, әлі де сенбейді. Сенбейміз. Өйткені, айтып тұрмын ғой, көз алдымызда жүрген бала. Бірге қызмет істеген соң, артық қылығы болса байқалар еді деп ойлаймыз», - деді балабақша меңгерушісі Жұлдыз Қинатова.

Қазір азғынның есік алдында тәртіп сақшыларынан күзет қойылған. Үш күннен бері мәслихат құрып жатқан ауылдастары күдіктінің отбасына ауылдан кету туралы шарт қойыпты.

Күдікті қазір Отырар ауданы полиция басқармасының абақтысында тергеліп жатыр. Үш қызға азғындық жасағанын мойындапты. Резонанс іс болған соң, тергеуді облыс департаментінен келген арнайы тергеушілер жүргізіп жатыр.

«Түркістан облысы ПД бастығының тапсырмасымен әйел тергеушілерден тұратын тергеу тобы құрылып, қажетті ісшаралар жүргізілуде. Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, бірқатар тиісті сараптама тағайындалды», - деді Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков.

Қазір зорлық көрген қыздар және олардың ата-аналарымен психологтар тобы жұмыс істеп жатыр. Зәбір көрген балаларға қосымша сот-медициналық сараптама тағайындалды.