ШҚО прокуратурасы: мектеп асханасында заң бұзушылық анықталды

Азамат Ахметов
Фото: shkolamoskva.ru

Облыс прокуратурасы аз қамтылған отбасылардан шыққан 9 501 баланың, сондай-ақ 11 бизнес субъектісінің құқықтарын қорғады, деп хабарлайды Qonaev.info.

Талдау барысында мектеп асханаларында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын және мемлекет есебінен тамақтанатын оқушылардың тамақтану нормалары (11-18 жас аралығындағы оқушылар 7-10 жастағы балалардың нормаларымен тамақтандырылған) заңсыз төмендетілгені анықталды.

Мысалы, 11-14 жас аралығындағы оқушыға арналған нанның нормасы күніне 35 грамм, ал 15-18 жас аралығында-күніне 40 грамм болуы тиіс, іс жүзінде балаларға нормадан 2 есе аз, яғни, күніне 20 грамм (6-10 жас нормасымен) нан берілген.

Сонымен қатар, мектеп асханаларында тамақтандыру бойынша қызмет көрсететін 11 кәсіпкерден төлем кезінде қосылған құн салығын заңсыз алып  отырған (620 теңгенің орнына 1 оқушы/күн, яғни ҚҚС есебімен 553 теңгеден төленген).

«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша ШҚО білім басқармасының  7 лауазымды тұлғасы, оның ішінде, басшының орынбасары (осы бағытқа жетекшілік ететін) қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Білім басқармасы өңірдің 9 501 оқушысына тамақтану нормаларын ұлғайтып, 11 кәсіпкерге заңсыз ұсталған сомасын өтеу үшін қайта есептеу жүргізуде»,-деп мәлімдеді Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы.