«Көзіме шөп салып, кешірім де сұрамадың»: сотта Нүкенованың Бишімбаевқа жазған хабарламалары оқылды

Азамат Ахметов
Фото: видеодан кадр

Әйелін жауыздықпен өлтірді деп айыпталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сот барысында екеуінің жеке хабарламалары мен соғылған қоңыраудың уақыты айтылды, деп хабарлайды Qonaev.info.

Мемлекеттік айыптаушы марқұм Салтанат Нүкенованың телефонынан Бишімбаев екеуінің Whatsapp-та жазған  хаттарын оқып берді. Оған қоас, Қуандық Бишімбаевтың  Салтанатқа түн ортасында хабарласып, мазасын алғанын аңғаруға болады.

«2:32, 2:38, 3:14, 3:19, 3:20, 3:32, 3:37, 3:39-да Бишімбаевтан қабылданбаған қоңыраулар бар.  Жауап бермеген Нүкеноваға «Салта, тұтқаны көтер» деп жазған, бірнеше аудиохабарлама жіберген», – деді прокурор.

Мемлекеттік айыптаушы Салтанаттың телефонындағы жеке жазбаларын да оқыды.

«Қуандық, мен Павлодарға кетіп барам. Енді келмеймін. Бұл күндері мен арамызда еш сезім жоқтығына көзім жетті. Ештеңені сақтап қалғым келмейді. Сен көзіме шөп салып, кешірім де сұраған жоқсың. Бәріне мені кінәлап, психотерапевтке бар деп қоймадың. Кешір мені, ұмыт, босат. Бәрін шештім. Ата-анамның қасында  болам, олар маған қарайды», – деп жазған марқұм Салтанат.

Айта кетейік, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Оған ҚК 110-бабы 2-бөлігі («Азаптау»), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («Аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша айыптар тағылған.