Алматылық құтқарушылар Ұлттық ұланның әуе бортымен Қостанай өңіріне көмекке аттанды, деп хабарлайды Qonaev.info.
Авариялық құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Төтенше жағдайлар департаментінің 56 қызметкері жұмылдырылды. Олар су сору құралдары, арнайы су өткізбейтін костюмдер, байланыс және жүзу құралдарымен жабдықталған. Құтқарушылар су басқан өңірдің қауіпті учаскелерінде барлық қажетті көмекті көрсетеді.
«Құтқарушылар су басқан өңірдің қаупті учаскелерінде барлық қажетті көмекті көрсетеді. "Жеке құрамға азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша өз борышын мінсіз орындауды тапсырамын», - деп атап өтті ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев .
Сондай-ақ бүгін алматылықтар Атырау облысына 30 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді. Оның ішінде 12 тонна азық-түлік, 10 тоннаға жуық киім, 7 тонна гигиеналық заттар, 2 тоннадан астам тұрмысқа қажетті заттар мен 200 килограммнан астам дәрі-дәрмек бар. Қайырымды іске Алматыдағы 30-дан астам ірі волонтерлік ұйым, жүзден аса ерікті жұмылдырылды.
«Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар қазіргі ахуалды және қандай заттар қажет екенін хабарлап, бізге барлық ақпаратты жолдап отырады. Алдыңғы аптада біз Орал қаласына 10 тонна гуманитарлық көмекті табыстап қайттық. Ал қазір Атырау облысына гуманитарлық көмек жинап, жіберіп жатырмыз. Атырау облысына жиналған заттардың бір бөлігін Air Astana және Fly Arystan компаниялары, екінші бөлігін қаламыз-дың кәсіпкерлері жүк көлігімен тегін жеткізіп беруге ниет білдірді », - деді Алматы қаласы волонтерлер фронт-офисының жетекшісі Бағдат Анарбаева.