Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Нұрсұлтан Назарбаев саясатта қала береді – Әшімбаев

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Қаңтар оқиғалары кезінде еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ақпарат алаңынан екі аптаға жоғалып кетуі, оның қыздары мен күйеу балалары, туыстарының қызметтен кетуі қоғамда өте қызу талқыланды. Қазақстанды айтпағанда бұл тақырыпты жақыны Ресей, алысы Америкада да күн тәртібінен түсірген жоқ. Елбасының ел алдына шықпауын әркім өзінше жорамалдап жатты. Бірі оны ауыр халде жатыр десе, өзгелері шетелге кетті деді, тіпті «қайтыс болған» деген пікірлер де айтылып жатты. Бірақ, 18 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына видеоүндеу жасап, алып-қашпа әңгімелердің бәріне нүкте қойғандай болды. Ол ешқайда кетпегенін, зейнет демалысын астанада өткізіп жатқанын айтты.

Ендеше Назарбаев неліктен ұзақ уақыт бойы үнсіз отырды? Оның ел алдына шығуы ТЖ аяқталар тұста болуы кездейсоқтық па? Бұл сұрақтарға жауапты танымал саясаттанушы Данияр Әшімбаев Ia-centr.ru агенттігіне берген сұхбатында айтты.

- Данияр Рахманұлы, ең алдымен Назарбаевтың үндеуіне қатысты сіздің пікіріңізді білгіміз келеді...

- Назарбаев президенттіктен кету туралы шешімін 2019 жылы қабылдады. Сол уақыттан бері елді Тоқаев басқарып отыр. Экс-президент бұл ойынан ешқашан айныған емес.

Ал, биліктің Тоқаевқа өткенін қаламағандар елде болды. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын Тоқаевқа бергенде олар қаңтар оқиғасының болуына ықпал етті.

Елде төтенше жағдай болғанда қазіргі президент пен экс-президенттің ақпарат алаңына бірдей шығуы дұрыс емес, тиімсіз. Назарбаевтың ұзақ уақыт үнсіз жатуы да осыдан. Билік елде бір ғана басшысын бар екенін көрсетуі керек болды.

Осылайша, Назарбаев өзі қабылдаған шешімнен бас тартпайтынын тағы бір көрсетті. Ол кеттім деді, кетті. Ал, президенттіктен кеткеннен кейін өзіне қалдырған үш қызметті – ҚХА төрағасы, Nur Otan партиясы төрағасы және Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын бірден президентке өткізбеуінің өзіндік себебі бар. Ол кезде Назарбаевтың мұрагері болып қалуға тырысқан үміткерлер көп еді. Егер осы аталған қызметтің бәрін бір мезгілде Тоқаевқа өткізіп кетер болса, элита ішінде наразылық туындайтыны сөзсіз. Елбасы осыны болдырмас үшін биліктегі лауазымдарын кезең-кезеңмен өткізді.

- Назарбаев кетті деп айттыңыз. Қашан кетті, 2019 жылдың наурызында ма, 2022 жылы 18 қаңтарда ма?

- 2019 жылы кетті. Қауіпсіздік кеңесі мен ҚХА – кеңесу және кеңес беру органдары. Яғни, Назарбаев кеңесші ролін атқарды десек болады. Ол мемлекетті басқару ісіне араласқан жоқ, бірақ өзінің салмағымен Тоқаевтың аяққа нық тұруына атсалысты. Биліктің кезең-кезеңмен берілуіне де осы себеп.

Біз шығыс еліміз. Бізде Конституцияда жазылған заңнан бөлек халықтың өз ұстанымдары бар. Халыққа сөзі өтуі үшін шенеунік болу маңызды емес, ең алдымен беделді адам болуың керек. Назарбаев Тоқаевқа осындай беделді жинауға көмектесті. Сондай-ақ, президент болуды да үйретті. Өйткені, Қазақстанда Назарбаевтан басқа бұрын ешкім президент болмаған, ешкімде тәжірибе жоқ.

Иә, Назарбаев биліктен кетті, бірақ ол саясатта қала береді. Егер ол президенттіктен кейін сақтап қалған үш қызметті де бірден Тоқаевқа өткізіп кеткенінде де Назарбаев болып қала беретін еді. Бұл фамилияға қызметтің қажеті жоқ. Ол бәрінен бас тартқан күннің өзінде жұрт оған келіп ақыл сұрап, кеңесіп отыратын еді.

Қазір Назарбаевтың отбасына қатысты көп әңгіме айтылып жатыр. Елдегі проблеманың бәріне Назарбаевтар кінәлі дейді. Бірақ, Қазақстанда оларсыз да олигархтар, министрлер, әкімдер жеткілікті. Проблемаға олардың да қатысы бар.

Егер Назарбаев президенттікті өз туыстарының біріне қалдырғысы келсе ол дәл солай істер еді. Жылдар бойы туыстарын әкім, министр етіп тәжірибе жинатып, ақыры біреуін билікте қалдырар еді. Бірақ, ол олай істеген жоқ.

Егер Назарбаев өмірінің соңына дейін президент болып отырғысы келген болса ол солай істер еді. Ешкім кедергі болмас еді. Бірақ, ол олай істеген жоқ, билікті Тоқаевқа өткізді.

- Қаңтар оқиғасын Тоқаев террористік акт, төңкеріс деп бағалады. Ал, Назарбаев бүлік, адам өлтіру деп айтты...

- Бүлік пен жаппай адам өлтіруді кім ұйымдастырды? Олардың бірі объектіні, екіншісі субъектіні атады, болды. Назарбаев Тоқаевтың сөздерін қайталауға міндетті емес қой?! Немесе Назарбаев осы күнге дейін ел алдына неге шықпады деген сұрақ та жиі қойылады.

- Иә, неге шықпады?

- Егер Назарбаев қайта-қайта ел алдына шығып: Тоқаев біздің президент, оны тыңдаңдар» деп айта берсе, ол халыққа өтініш айтып жатқандай көрінеді, Тоқаевтың беделіне нұқсан келеді, жұрт Назарбаевты әліге дейін билікте отыр деп ойлайтын болады. Бұл жағдайда бізге бір ғана лидер керек болды. Назарбаев сол үшін үнсіз отырды.

Сұхбаттың толық нұсқасын сілтемеге кіріп оқыңыз…

Сізге қызықты болады