Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

«Депутат болмасам ауылда қалатын әңгіме еді» - Жигули Дайрабаевпен ашық сұхбат

Азамат Ахметов

Ол өзіне тағылған айыптардың бәріне жауап берді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев Abay LIVE Youtue арнасына сұхбат беріп, өзі мен ұлдарына қатысты тағылған айыптар туралы айтты.

Еске салайық, бұған дейін Тараз қаласының №2 соты алаяқтық жасады және ірі мөлшерде ақша жымқырды, құлпынай егуге алынған субсидияны өзге мақсатқа жұмсады деген айыппен– Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдары Марат Дайрабаев пен Дидар Молдахалыққа қатысы үкім шығарған болатын.

Жигули Дайрабаев құлпынай егуге берілген қаржының өзге мақсатқа жұмсалғанына келіспейді.

«Ұлдарымның жиырма гектар жерді қоршағаны рас. 200 метрден құдық қазғаны, үлкен қозғалтқыш алғаны рас. Тамшылатып суаруды орнатқаны рас. Оны өз қаржыларына салды. Ал субсидияны құлпынайдың тұқымына төлейді. Шығынның 50%-ын, қателеспесем 200 млн теңгедей Үкімет өтеп берді. Ал шығынға 600 млндай кетті. Тіпті, жора жолдастардан қарыз алды. Бұл негізі, мен депутат болмасам ауылда, Тұрар Рысқұлов ауданында қалатын әңгіме еді. Жаһанға жар салған мені де тырнақшаның ішінде «жақсы көретін» достарым бар ғой. Жала мен қызғаныш, оларды жақсы білем. Бәлкім, кезінде кейбір азаматтардың қызметіне көлденең болғаны шығармыз, кей жарыстарда жеңіп кеткен шығармыз»,- деп бұл істі жауларынан көрді Дайрабаев.

«Үлкен ұлым Дәурен жиырма жылдан бері мемлекеттік қызметте. Жамбыл облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары. Марат Дайрабаев кішкентай кезінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Ал кішім Дидар Молдахалық полицияда жұмыс істеді, шаруашылықпен айналысам деп жұмыстан кетті. Жамбылда бидай, арпа егеді. Ол жақта 3000 гектар жер бар, оның бәрі үлескерлердің жері. Біраз адамға жұмыс беріліп отыр. Құлпынайдың өзінде 20-25 адам жұмыс істейді», - дейді ол.

Ал Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроға барып, «Дайрабаевтар отбасы мені құлдықта ұстады» деп мәлімдеме жасаған Василий Ковечников дауын Дайрабаевтарға үй сатқан адамның әрекеті деп отыр, депутат.

«Балаларым Меркіден котедж үй алды. Сол үйде Василий бізге дейін де тұрады екен. Ауласына қарайды екен. Баратын жері болмағасын, ұлдарым үйде қалдырды. Ащы суға құмартады екен. Күнде тамағын, арағын, темекісін беріп отырды. Үйдегілер не жесе, соны жейді. Көктем шыққанда құлпынайға көмектеседі, малға қарайды. Ал бізге үйді сатқан адам әйелімен бұрын ажырасып кеткен екен, біз үйді әйелдің атында болғасын содан заңды түрде сатып алдық. Біраз уақыт өткен соң күйеуі бізге арызданды, олар мүліктерін бізбен емес, өзара шешу қажет қой. «Баса берсем, Дайрабаев құсады» деп ойлайтын сияқты. Жоғары сотқа дейін арыз жазды. Міне, Василийді Алматыға апарып жүрген солар. Полядан ұрлап алып кеткен. Алматыға апарып, айтатын сөздерін үйретіп, студияға шығарған. Не де болса, менің балаларымды емес, менің атымды қосып жерден жеті қоян тапқандай жазғандары дұрыс емес, балаларымның жасы келген азаматтар, солардың өзімен күресе бермей ме?! Мені халық жауы қылғылары келеді, мен Парламентке туа салып келген жоқпын. Маған бір млн адам дауыс берді. Ат төбеліндей адам шулады екен деп кете салмаймын», - деп ашуланды Дайрабаев.

«Содан Алматыда шаруа біткен соң Васяны Тұрар Рысқұлов ауданындағы полицияға әкеп тастаған. Оның басқа барар жері жоқ. Тергеушілер үйге оның тұрған жеріне келіп қарап, «құлдықтағы адам мұндай жақсы жерде жатпайды» деп айтқан. Күнде ақша алып тұрған, дүкеннен қажетті кола, колбасасын алып тұрған. Көршілер де оның жағдайы жаман емес екенін айтқан. Алматыға апарғандар хайп жасап, оның соңынан маған бәле іздеуді көздеген. Құқық қорғау органдары арқылы Васяны полядан ұрлап әкеткен адамдардың өздеріне арыз түсіріп, жауапқа тартылуын талап етеміз. Адвокаттар жұмыс істеп жатыр. Ал Василий «Мен енді қайда барам, не істеймін?» деп ұлым Дидарға келіпті. Мен «енді жоламаңдар» дедім. Енді күніне үш-төрт мың теңге алып отырған ғой. Мен халыққа қызмет етемін, солар шулатты екен деп кете салмаймын. «Не дождется», - дейді депутат.

Еске салайық, үй сату ісі бойынша сотта Жигули Дайрабаев тарапы жеңілген болатын.

7 маусымда Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының судьясы Сержан Қалқабаев Меркі ауылында заңсыз сатылған үйге қатысты үкімі шығарды. Атап айтқанда, сот Саит Рузиевтің талап арызын толығымен қанағаттандырды. Ол Рузиевтің бұрынғы әйелі мен Жигули Дайрабаевтың арасындағы сату-сатып алу мәмілесінің күшін жойды. Заңнамаға сәйкес үй бірлесіп сатып алынған мүлік ретінде танылды және ондағы Саит Рузиевтің үлесін анықтау туралы шешім шығарылды.

Сізге қызықты болады