Партиялықтар апатты мектеп мәселесін де шешіп жатқандарын айтты
Бір мандаттық жүйе бойынша Түркістан облысынан Мәжіліс депутаты болып сайланған Қайрат Балабиев жарты жылда атқарған жұмыстарымен бөлісті. «Abay LIVE» Youtube-арнасына берген сұхбатында ол сайлаушыларының мәселелері бойынша көтерген депутаттық сауалдары нақты нәтиже бергенін атап өткен.
«Жарты жылдың ішінде 15 шақты депутаттық сауал жолдадым. Мәжіліс отырысынан бесеуін жолдасам, қалғанын жазбаша жібердім. Бәрінің жауабын алдым. Мысалы, Түркістан облысында әлі 110 саман кірпіштен салынған мектеп бар. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша тізімнен қалып қоймасын деп алдын ала сауал жолдадым. 121 мектеп керектігін жаздым. Содан Үкімет 344 млрд теңге бөлетін болды. Келесі депутаттық сауалым ауыз су тапшылығы жайында болды. Бұл бағытта «AMANAT» партиясының да арнайы бағдарламасы бар. Осы бағытта қаржы бөлінеді. Газ мәселесі бойынша да нақты жауап алдым. Сонымен бірге, партия жетекшісі Ерлан Қошанов облысқа барғанда жылыжай иелері субсидияға қатысты өтініштерін айтқан еді. Осыны да негізге ала отырып сауал жолдадық. Қаржы бөлінетін болды», - деді ол сұхбатта.
Қ.Балабиев сондай-ақ, шетелге заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару мәселесіне де тоқталды. Аталған Заң жобасы бүгінде күшіне енгендігін атап өткен жөн. Ал, оның аясында елге қайтарылған қаражат қандай мақсатта жұмсалады?
«Біз Заң жобасы шілде айында қабылдап біттік. Содан кейін Президент қол қойды. Үкімет жанында комиссия құрылды, Бас прокуратуранының жанынан комитет құрылды. Комитет қабылдаған шешімдердің барлығы ашық болады, халыққа жетеді. Бұл заңда дамыған озық елдердің тәжірибесі ескерілді. Келешекте бұл заңнан халыққа көп пайда келеді, түскен ақшаның бәрі тікелей әлеуметтік салаға – мектептер, ауруханалар салуға жұмсалады. Заң қабылдаған соң, мұның жұмысына ешкім кедергі бола алмайды», - деді депутат.