«Әкім мен министрді адам деп санамайды»: депутат есірген олигархтар жайлы айтты

Азамат Ахметов

Елдегі заңның басым дені ауқатты өндіріс иелерінің мүддесіне сай өзгертілген

https://www.youtube.com/watch?v=PphoyQvSUuI

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров өндіріс саласындағы олигархтардың билік өкілдерін елемейтінін айтып, олигарх Клебановқа қатысты оқиғаны мысалға келтірді. Депутаттың сұхбаты «ADAL ADAM» youtube-арнасына шыққан.  

«Екібастұзда төтенше жағдай орын алған кезде оқиға орнына бардым. Сонда байқағаным, Александр Клебанов деген олигарх әкімді, министрді адам құрлы көрмейді. Тіпті мүлдем сөйлеспейді, керек қылмайды», — деді ол.

Депутаттың айтуынша, олигархтардың бұлайша өктемсуі тегін емес. Елдегі заңның басым дені ауқатты өндіріс иелерінің мүддесіне сай өзгертілген көрінеді. 

«Кезінде Клебанов секілді олигархтар депутаттарға қысым жасап, барлық заңды өз мүддесін сай өзгерткен. Олардың ығына жығылған депутаттар көп заңға түзету енгізді. Қазір Мәжілісте бұрын негізсіз өзгерген заңдарды қайта қарап, өзгертіп жатырмыз. Мемлекет құзыретін арттырып және еңбек, өндіріс қауіпсіздігіне қатысты өзгерістерді енгізудеміз»,- дейді депутат.