Экс-депутат қазір Түркияда жүр
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «Адал Адам» подкастында экс-мәжілісмен Бекболат Тілеуханның өзіне қатысты айтқан пікіріне жауап берді.
«Жалпы мен Бекболат Тілеухан туралы әңгіме айтудан қашамын. Себебі ол әңгімені әрі қарай әкете береді. Бір сұрақ қойсаң, бәлеге қаласың. Мен ол кісімен әлеуметтік желіде айғайласып жүруден нәтиже шығады деп ойламаймын. Популист деп айтқанына жауап бере кетейін, миллиондаған халықтың көкейіндегі сұрақты Үкіметке жеткізгенімде қандай популизм бар екенін түсінбеймін. Онда «Қазақстан жақсы өмір сүрсін» деген барлық адам популист болғаны ғой. Популизм - адамның танымалдылығын арттыру үшін жасайтын әрекет. Маған ол не үшін қажет? Көшеде жүргенде танып қалмаса екен деп жүресің. Айлық 300 мың теңге болмайды дегенімен келіспеймін. Жыл сайын әр салада 25-50 пайызға өсіретін 5 жылдық жоспар бар. 150 мыңдық айлық 300 мың теңге болады. 85 мың теңге туралы сұрақты қоймаған екі адам қалды. Оларға да қоямын. Жауап бере алмай жүр. Үкімет аяғына дейін есептей алмаса, қайта қарасын, есептесін», - деді Ринат Зайытов.
Ринат Зайытов Бекболат Тілеухан популист деп айтқан екі әріптесі де ел мүддесіне жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Ол кісінің осыларды жамандау керек деген ұстанымы бар сияқты. Мен жүрген жерімде керемет әнші екенін айтып жүремін. Осындай түсініксіз әрекеттер жасайды. Адам ретінде көңілің қалады. Ішіңнен осы кісіге не істеп қойдым деп ойлайсың. Ол кісі жайлы көп айтқым келмейді. Ол кісі шетелде жүргеннен кейін күмәнім бар. Жүйкесі сыр бере бастады ма екен. Осылай агрессивті сөйлей бастады. Көшенің «жаргондарын» көп пайдаланатын болыпты. Сондықтан ол кісінің жүйкесі сыр беріп жүрген шығар», - деді Зайытов.
Еске салсақ, осыған дейін экс-депутат, қоғам қайраткері, бүгінде Түркияда тұрақтап жүрген әнші Бекболат Тілеухан Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында Парламент мәжілісінің депутаттарын популист деп айыптады.