Қазақстандықтар соңғы уақытта телефон-алаяқтарға жиі алданатын болған
Телефон алаяқтары «мен банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмын, біреулер сіздің атыңызға несие алмақ» деген схемамен жұмыс істейтіні баршаға мәлім. Дегенмен, оларға сеніп қалатын адамдар әлі де бар. Бұл таңқаларлық жайт. Неге олай? Өзіңізді қалай қорғай аласыз? Бұл туралы психолог Дмитрий Дябин айтып береді.
Біз алаяқтар қолданатын әдістерді және оларға қалай қарсы тұру керектігін талдап шықтық. Мәтін сенгіш жақындарын алаяқтардан сақтап қалғысы келетіндер мен кінәсінен арыла алмай жүрген алаяқтардың құрбандарына да қызықты болады.
Өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, адамдарды қорқытып, мобильді банкингтің паролін сұрап, алдап ақшасын иемдену сияқты алдау әрекеттері бұрыннан белгілі. Алайда, бұған сеніп қалатындар да аз емес. «Неге?» деген сұраққа психолог былай жауап берді:
– Телефон алаяқтары – өз ісінің шебері. Олар күн сайын ондаған адамға қоңырау шалып, алдау арқылы шеберліктерін шыңдайды, олар кез келген адамды алдап соғады. Олар қарапайым, бірақ өте тиімді механизмдерді қолданады, жәбірленушіні қорқытады, әбігерге салады. Бұл ретте адамдардың жалпы білімі, интеллектісі еш маңызды емес. Бәрі де қорқады, алданады. Бірақ мұндай схемалардың бар екендігі және олардың осылай жұмыс істейтінін білу адамдарға алданып қалмауға көмектеседі.
– Біреу қорқытқан кезде, сабырлық сақтауға мүмкіндік беретін психологиялық әдістер бар ма?
– Ең алдымен, кідіріп, бірер уақыт күтіңіз. Егер жаныңызда біреу болса, аз да болса онымен сөйлесіңіз. Бұл дүрбелеңге берілмей, болып жатқан жағдайдың мән-жайын түсіну үшін қажет. Бұл ретте әлеуметтік алаңдаушылық тетіктері жақсы жұмыс істейді, яғни, бізге жақын және бөтен адамдарды тану механизмі, соңғыларына деген сенімсіздік. Мәселе мынада, адамдар өзін қорқытып жатқанын бірден түсінбейді, бірақ іштей үрейдің артқанын білеміз. Егер адам осыны сезсе, онда сөйлесуді тоқтатып, телефонды қойыңыз.
– Ал егер адам алаяқтардың қоңырау шалып жатқанына күмәнданып, банк қызметкерімен сөйлесіп тұрмын деп ойлап, әңгімені тоқтатып, дөрекілік танытудан қорықса, не істеу керек?
– Егер қорықсаңыз, қандай да бір банктік операцияларды жүргізуге келісім бермейтініңізді айтып, телефонды қойыңыз. Не болмаса қазір сөйлесу ыңғайсыз, қайта қоңырау шаламын деп айтыңыз. Ең бастысы – жауап күтпестен телефон тұтқасын қою. Мен айтқандай, алаяқтар – кәсіпқой, оларды өз алаңында жеңемін деп ойламаңыз. Егер қорқыныш пен үрей басылмаса, онымен сөйлесіп болған соң картаңызда көрсетілген нөмір бойынша банкке қоңырау шалып, шоттарыңыздың қауіпсіздікте екеніне көз жеткізіңіз.
– Телефон алаяқтарын алғашқы сөзден-ақ тануға болатын қандай да бір белгілер бар ма?
– Жоқ, өкінішке орай, ондай сөздер жоқ. Алаяқтар өте сенімді сөйлейді, банк саласының маманы емес адам оларды анықтай алмайды. Олар өздерін қауіпсіздік бойынша маман немесе банк қызметкерімін деп таныстырып, адамның сеніміне кіреді, «өзінің беделін көрсетіп», сізден артық білетінін және оларды тыңдауға міндетті екеніңізді білдіреді. Егер біреулер қоңырау шалып, бұйыра сөйлессе, ал сіз алаңдап, қорқа бастасаңыз, онда сақ болғаныңыз жөн. Телефонды қойып, банкке немесе сол адам қоңырау шалған мекемеге хабарласыңыз.
– Қарттарды немесе сенгіш жақындарымызды қалай қорғай аламыз?
– Оларға телефон кітапшасында жазылмаған нөмірлерден келіп түскен қоңырауларға мүлдем жауап бермеңіз деп ескертіңіз. Бірақ бұл 100% қорғамайды, қазір алаяқтар нөмірлерді қолдан жасай алады. Сондықтан, олар кіммен сөйлессе де, егер әңгіме ақша – займдар, банктік карталар, несиелер туралы болса, онда дереу телефонды қойып, банкке немесе қоңырау шалған кісіге қайта хабарласып, шынымен солардың хабарласқанына көз жеткізген жөн.
– Егер алаяқтардың айласына түсіп, ақшаңнан айырылсаң, өз-өзіңді кінәлау сезімінен қалай арылуға болады?
– Адамның алаяқтар үшін ашуға берілуі немесе ақшасын жоғалтқанына өкінуі – бұл қалыпты эмоциялар, оларды бастан өткеру керек. Адам өз-өзін кінәлауы мүмкін, бәріміз де пендеміз, бәріміз де қателесуіміз мүмкін ғой. Біреу алаяқтарға алданып қалса, бұл оның ақымақ екенін білдірмейді. Осыны естен шығармау керек.
Қоңырау шалып тұрғандар алаяқтар деп ойласаңыз, өзіңізді қалай ұстану керектігі туралы толығырақ мына жерде жазылған. Биыл кеңінен тараған онлайн-алаяқтықтың түрлері туралы мына жерден оқи аласыз.