РФ Президенті Владимир Путинді қатаң сынап, ол туралы балағат сөз айтқан Евгений Пригожин кеше түнде ұшақ апатынан қаза тапқан болатын. Батыс сарапшылары «Вагнер» басшысының өлімі кездейсоқ емес, ол тапсырыспен өлтірілген болуы мүмкін деген пікір айтып жатыр. Тіпті, АҚШ президенті Дональд Трамп та «Ресейде болып жатқан кез келген оқиғаның артында Путин тұрған жоқ деп айта алмаймыз» деп мысқылдаған еді. Ал, Ресей президентінің өзі бүгін Пригожиннің туыстарына көңіл айтып, оны талантты адам деп бағалады.
Бүгін Путин ДНР басшысы Денис Пушилинді қабылдап жатыр. Осы кездесу барысында РФ президенті қаза тапқан Пригожин туралы алғаш рет пікір айтты.
«Туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамын, бұл трагедия. Пригожин талантты адам болды. Ол тек біздің елде емес, шетелде де сәтті жұмыс істеді. Тағдыры ауыр болды. Кеше ғана Африкадан келген болатын. Тергеу комитеті қазір ұшақ апатына байланысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр», - деді Владимир Путин.
Айта кетейік, 24 маусымда «Вагнер» жасағын бастаған Евгений Пригожин Украинадан шығып, Мәскеуге қарай жорық жасаған болатын. Ол Қорғаныс министрі Шойгу мен бас қолбасшы Герасимовтың отставкасын талап еткен. Талабы орындалмаған соң Кремльге әскермен баруға бел буды, алайда Мәскеуге жеткен кезде Беларусь президентінің сұрауымен кері қайтты.