БҚО-да тікұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетіледі

Азамат Ахметов

ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұлов БҚО-да тікұшақ апатынан қаза болғандардың отбасыларына көрсетілетін көмек жайлы айтты. Бұл туралы Qonaev.info Azattyq Ruhy ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазавиақұтқару» төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша ҚР ТЖМ қызметінде ерекше орын алады. Мысалы Алматы, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы ірі су тасқыны кезінде құтқарушы-ұшқыштар бірнеше мың адамның өмірін құтқарып, оларды су басу аймақтарынан эвакуациялады», - деді Иманқұлов.

Оның айтуынша, тікұшақтар Қостанай, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының аумағында ірі табиғи өрттерді сөндіру үшін тартылған.

«ТЖМ әуе кемелері мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін білікті медициналық мамандарды жеткізу, науқастарды шалғайдағы елді мекендерден аудандық, облыстық, республикалық медициналық мекемелерге тасымалдау бойынша ұшуларды орындайды. Авиациялық парк жаңартылып жатыр. Бүгінгі таңда ол медициналық көмек көрсетуге және ТЖ кезінде зардап шеккендерді құтқаруға арналған заманауи мамандандырылған авиациялық техникамен толықтырылуда.

Тек 2020-2022 жылдар ішінде 10 тікұшақ сатып алынды. Биыл 4 тікұшақ (1 бірлік Н145, 3 бірлік Ми-8), 2024 жылы – 4 бірлік әуе кемесін (1 бірлік Н145, 2 бірлік Ми-8, 1 реактивті ұшақ) жеткізу жоспарланып отыр.

Ұшқыштардың кәсіби деңгейін қайта даярлау мен қолдау отандық және шетелдік авиациялық оқу орталықтарының базасында жүргізіледі және ICAO-ның барлық талаптарына жауап береді», - деді ол.

Руслан Иманқұлов «Қазавиақұтқару» қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсететінін айтты.

«Жерлеу рәсіміне жұмсалатын барлық шығын «Қазавиақұтқару» есебінен жүргізілетін болады. Қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларындағы балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін марқұм қызметкердің жалақысы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақымен қамтамасыз етілетін болады. Барлық қажетті төлемдер ұжымдық келісімшартқа сәйкес төленетін болады. Бұл мәселелердің барлығы ТЖ министрінің жеке бақылауында», - деді ол.

Айта кетейік, компанияның тікұшағы апатынан 4 адам қаза тапты.