Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау басталды

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

2023 жылғы 19 наурызда таңғы сағат 7-де Қазақстанда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс беру басталды.

Елорда уақыты бойынша сағат 07:00 - де еліміздің 20 өңірінің 15-індегі сайлау учаскелерінде - Астана, Алматы және Шымкентте, Абай, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ұлытау облыстарында дауыс беру басталды.

Сайлау учаскелерінде дауыс беру өзге бес өңірде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында - бір сағаттан кейін, елорда уақыты бойынша сағат 08:00 - де (Батыс Қазақстан уақыты бойынша 07:00-де) басталады. 

Дауыс беруге 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Сайлау тізімдеріне 12 миллионнан астам азамат кіреді.

Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Дауыс беру күні Қазақстан аумағында бірнеше мың сайлау учаскелері жұмыс істейді. ҚР шетелдік мекемелері жанынан 62 шет мемлекетте 77 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Мұнда ҚР азаматтары Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатыса алады.

19 наурызда қазақстандықтар Парламент Мәжілісінің жаңа депутаттарын және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлайды. 

Еске сала кетейік, 2022 жылғы референдум қорытындысы бойынша Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізілгеннен кейін Парламент Мәжілісі депутаттарының 70% – ы партиялық тізімдер бойынша, ал 30% - ы бір мандатты округтер бойынша сайланады. Осылайша, алдағы сайлауда партиялық тізімдер бойынша Мәжілістің 69 депутаты және бір мандатты аумақтық округтер бойынша 29 депутат сайланады. ҚР Парламенті Мәжілісінің 8-шақырылымы бойынша 98 депутат сайланады. Сайлауға қатысуға жеті саяси партия жіберілді.

Сондай-ақ, аралас сайлау жүйесі бойынша 50-де 50 арақатынасында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлау өтеді. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлауда депутаттар тек бір мандатты округтер бойынша сайланады. Бұл ретте еліміздің 223 мәслихатында барлығы 3 415 мандат бар, оның ішінде 668 – облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың 20 мәслихатында, 617 – қалалық мәслихаттарда, 2 130 – аудандық мәслихаттарда.

Сайлауға келген еліміздің 17 облысының тұрғындары түрлі түсті бес бюллетень алады:

  • көк - партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарының сайлауы бойынша;
  • жасыл - бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы бойынша;
  • күлгін - партиялық тізімдер бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттарының сайлауы бойынша; 
  • қызғылт сары - бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттарының сайлауы бойынша; 
  • сұр - бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша.

Өз кезегінде Астана, Алматы және Шымкент тұрғындары түрлі түсті төрт бюллетень алады: партиялық тізімдер бойынша Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша – көк, ал бір мандатты округтер бойынша – жасыл; қалалық мәслихатқа кандидаттарға дауыс беру үшін бюллетеньдер күлгін және қызғылт сары түсті болады.
Әр бюллетеньде "барлығына қарсы" деген баған болады.

Сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санау 19 наурызда жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-де басталады және 20 наурызда таңғы 8:00-де аяқталуы керек.

Сізге қызықты болады