«Бомж сияқтымыз»: Украинада соғысып жүрген ресейліктер Путиннен көмек сұрады

Азамат Ахметов

Рунет пен телеграм-арналарда Украинаның Угледар қаласының түбінде, Водяное селосында соғысып жатқан ресейлік «Шторм» отряды әскерилерінің көмек сұрап, РФ басшысы В.Путинге жолдаған видоүндеуі тарады. Олар өздерін «бомждарға» теңеді және айналасы мәйіттерге толып кеткенін жариялады, деп хабарлайды Qonaev.info.

Бейнежазбадағы ер адамдар өздерін 8-армияның 1-корпусының 5-бригадасының «Шторм» жасағының әскерилері деп таныстырды. Камера алдында әскери формадағы 20 шақты адам тұр. Кейбірі Z әрпі бейнеленген бас киім киіп алған. Олар «бірде бір рет көзге көрінбеген» басшылық өздерінің барлық құжатын алып қойып, Угледар түбіндегі окоптарға еш қамтамасыз етусіз тастап кеткеніне шағым айтты.

Atameken Business мәліметіне жүгінсек, арызданушылар Калининград оқу бөліміне қарайтындарын, бірақ қазіргі уақытта Украинаның Донецк облысындағы Водяное селосының жанында тұрғандарын хабарлады.

«Бұл Донецкідегі Водяное селосы. РФ ақпарат құралдары бізді мұнда табысты шабуыл жасап жатыр деп дәріптеуде. Шынында мүлдем олай емес. Мұнда адам шығыны өте көп. Біз тіпті мұнда жоқ сияқтымыз. Бұл жерде бомж сияқтымыз, ешқандай құжатсыз, мәйіттерге толы окоптарға тасталды», – деді ресейлік әскери қызметші.

Солдаттардың айтуынша, олар екі апта бойы қарсыластың артиллериялық және минометтік соққысының астында қалған.

«Басшылық бізді пулемет, миномет, танктерге қарсы малша айдауда. Адам шығындары алапат. Тек бір жасақтан ғана 34 жауынгер жараланды, тағы 22 адам қаза тапты. Рота командирінің де жаны жаһаннамға кетті. Ту сыртымызда бөгеуші отрядтар тосқауылдап тұр. Олар бізді бекінісімізден кері шегіндірмейді. Бізді қамап тастады, ешқайда бастырмайды, осында отыруға тиіспіз. Әйтпесе бізді жойып жіберуге уәде етті. Бұған дейін алға шабуылдамасаңдар, бәріңді қырып саламыз деп қорқытты. Бәріне салғырт басшылардың қылмыстық істерін ел ішінде әңгімелемеуіміз үшін куәгер ретінде осында құртуға ниетті», – деп назаланады видеода ресейлік әскерилер.