Жамбылда жол тазалығына жауапты компания жұмысшылары жалақыларын көтеруді талап етті, деп хабарлайды Qonaev.info.
Айтуларынша, бір жылдан бері еңбекақылары кешіктіріліп, зейнетақы төлемдері тоқтап қалған. Олар 170 мың теңге айлық аздық еткендіктен, 30 пайызға көтеруді де сұрайды. «Шымкент спец комплекс» серіктестігінде істейтін 30-дан астам жұмысшы осындай талаптарымызды айтамыз деп қудалауға ұшырағандарын айтып отыр.
ҚазАқпарат мәліметіне жүгінсек, Жуалы мен Меркі аудандарының аралығындағы республикалық ақылы жолды күтіп ұстауға міндетті ашынған жұмысшылар жол жөндейтін құрал-саймандарының да жоқ екенін мәлімдеді.
«Бізде жұмысшылары бар, жүргізушілері бар, механизаторлары бар, бәрі қолмен жұмыс істейді. Жаңа техникалар жоқ. Өз өмірімізді қатерге тігіп, ескі әрі қауіпті техникаларды пайдалануға мәжбүрміз», - деп түсіндірді жұмысшы Мақсат Әжібаев.
Жолға жауапты «Қазавтожол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының облыстық филиалы сұхбат беруден бас тартты.
Ал «Шымкент спец комплекс» серіктестігінің басшылығы жалақының кешіктірілуін жоққа шығарғысы келді.
«Әлеуметтік төлемдер де тоқтаған жоқ», – дейді ол.
Алайда, жұмысшылар жалақыларының кешіктірілгені туралы дәлелдерін алға тартқанда, амалсыз мойындады.
«Жұмысшылардың, яғни шеберлердің қателігіне байланысты жалақы кешіктіріліп берілгені рас. Басқа жұмысшылар қателік жасағандарға еріп жұмыс орындарында жоқ болғандықтан, заң жүзінде акт толтырылып, жұмыстан шығарылды. Егер ол кісілер қайтадан келіп жұмыс істейміз десе, біз қарсы емеспіз», – деді «Шымкент спец комплекс» ЖШС директорының орынбасары Мақсат Құрмантай.