Серік Күдебаев қайда қашып кетті - ҰҚК болжамы

Азамат Ахметов

Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев таулы жер арқылы шекара кесіп өткен болуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов айтты, деп хабарлайды Qonaev.info.

«Қырғызстанмен мемлекеттік шекара 1 257 шақырымға созылып жатыр. Алматы бағытында бізде Алатау таулы алқабы бар. Меніңше, ниет болса және бұл бағытта күзетуге қажет техникалық құралдар жоқ екенін ескере отырып осы таулар арқылы мемлекеттік шекараны кесіп өту мүмкіндігі бар. Мұны анықтау үшін тексеру жүргізіліп жатыр», - деді Ерлан Алдажұманов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның айтуынша, күдіктінің қайда екенін анықтау үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлескен топ құрылған.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі мен өзге де мемлекеттік органдар жанында арнаулы топ жұмыс істеп жатыр.

ҚазАқпарат мәліметіне жүгінсек, 5 шекара бекетінің 300-ге жуық қызметкері де осы жұмысқа жұмылдырылған.

Сонымен қатар ол БАҚ өкілдерінің Серік Күдебаевтың қашып кеткені жайлы ақпарат неліктен кеш жарияланғаны туралы сауалына жауап берді.

«Біз оның қашып кеткен-кетпегенін білмедік. Бұған дейін де атап өткенімдей, ол мемлекеттік шекараны ресми өткізу пунктері арқылы кесіп өткен жоқ», - деді ол.