Өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен Павлодар тұрғыны ЖКО жасады, деп хабарлайды Polisia.kz.
25 наурыз сағат 00:05-те Павлодар тұрғыны Қамзин көшесі 60-үйдің ауласында тұрған, 2008 жылы шыққан Mitsubishi Lancer көлігінің есіктері ашық, кілттері тұтану құлпында болғандықтан Ленин кентіндегі туысына жету үшін ұрлап кеткен. Бірақ баратын жеріне жеткен жоқ. Павлодар-Ленинский кентінің автожолының 9-шы шақырымында жолдың жиегіне соғылды. Содан кейін оқиға орнынан қашып, өтіп бара жатқан көлікпен қалаға жеткен.
Павлодарлық мұнымен тоқтап қалмады. Естай көшесіне дейін барып, онда үйдің ауласында сағат 04.15-те Toyota Estima автокөлігінің есігі құлыпталмағанын, ал кілттері тұтану құлпында қалғанын пайдаланып, көлікпен үйіне қайтқан. Павлодарлық ұрланған көлікті Қамзин көшесіндегі үйдің ауласында қалдырып кеткен.
– Осы фактілер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Mitsubishi Lancer көлігі табылып, техникалық ақаулы жағдайда айып тұрағына қойылды, ақауы жоқ екінші ұрланған көлік де айып тұрағына қойылды.
Осы жылдың үш айында Павлодар облысында көлікті заңсыз айдап әкетудің 15 фактісі тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,5%-ға аз. Барлық фактілер ашылды, – деді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.