Алматы облысында белгісіз заттан уланып, тұтас бір отбасы көз жұмды, деп хабарлайды Qonaev.info Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«4 мамырда Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Қарасай ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Көлащы ауылындағы жеке тұрғын үйде алты адамның (екі ересек және төрт бала) уланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Соның салдарынан 1984 жылы туған ер адам (әкесі) және төрт баласы (2010 жылы туған қызы мен 2008, 2013, 2018 ж.т. ұлдары) қайтыс болды», - делінген ТЖД хабарламасында.
Шамалған ауылындағы Қарасай көпсалалы ауданаралық ауруханасына 1985 жылы туған әйел (анасы) жатқызылды. Оның жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.
«Алдын ала себеп – белгісіз затпен улану. Мән-жайды анықтау үшін шақыру орнына Төтенше жағдайлар департаментінің ғылыми-зерттеу өртке қарсы зертханасы, газ қызметі және СЭС жіберілді», - деп толықтырды ведомстводан.