30 млн доллар пара: Антикор «Атамекеннің» экс-басшысына қатысты мәлімдеме жасады

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметовтің ұсталуына қатысты мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды Qonaev.info.

«10 мамырда Антикоррупциялық қызмет «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының экс-төрағасы А.И. Мырзахметовті ұстады. Ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деп күдіктеледі. Күдікті Астана қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген Антикор хабарламасында.

Ведомство қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша жедел-тергеу іс-шаралары кешені жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның басқа да қылмыстарға қатысы туралы ақпарат тексерілуде.

«Сыбайлас жемқорлықтың кез келген фактілері туралы Антикоррупциялық қызметке және Call-орталыққа 1424 нөмірі бойынша хабарласуларыңызды сұраймыз. Тергеу жалғасуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі», - деп атап өтті Антикоррупциялық қызметтің ресми өкілі Арман Тілеукенов.

Айта кетейік, кеше «Атамекеннің» бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов 30 млн доллар парамен ұсталған болатын.