Назарбаевтың ролін сомдаған актер «Қазақфильмді» басқаратын болды

Азамат Ахметов

Отандық актер Азамат Сатыбалды «Қазақфильм» АҚ-ның президенті болып тағайындалды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Жаңа басшыны ұжымға министр Асхат Оралов таныстырды.

Айта кетейік, Азамат Сатыбалды ұзақ уақыт М.Әуэзов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етті, Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрын 3 жыл басқарды. Бүгінгі дейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарды.

Азамат Сатыбалды «Томирис», «Анаға апарар жол», «Жұлдыздар тоғысқанда», «Рэкетир 2» секілді танымал отандық фильмдерге түскен. Сондай-ақ, 2020 жылы «Полигон» жобасында Нұрсұлтан Назарбаевтың ролін сомдаса, 2022 жылы «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін...» фильмінде ақиық ақынның ролін ойнап шықты.