Ақмола облысы Астрахан ауданына қарасты Старый Колутон ауылында ер адам өзінің кішкентай үш қызын зорлады деген күдікке ілінде. Бұл туралы ақпаратты қыздардың әжесі «НеМолчи» қоғамдық қорының өкілдеріне хабарлаған.
«Бір үйдің үш баласы – үш, жеті және он жасар қыздарға зорлық көрсетілгені туралы ақпарат келіп түсті. Ата-аналары ішкілікке салынған, әкесі зорлап келген. Аталған жайтты әжелері айтты. Ақпараттың рас-өтірігін анықтап, шара қабылдауды сұраймын», – деді «НеМолчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі өзінің Facebook-парақшасында.
Бұл ақпаратты Астрахан аудандық полиция басқармасы қабылдап, ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабы 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған.
«2012, 2014, 2016 жылы туған үш қызға медициналық тексеру жүргізілді, оның нәтижесінде қыздарға физикалық тұрғыда зорлық-зомбылық көрсетілмегені, күш қолданбағаны анықталды. Бірақ, қылмыстық іс аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деді полиция өкілдері.