Қарағандыда кішкентай балалар жаппай уланып, біреуі қайтыс болды

Азамат Ахметов

Тағы алтауының халі ауыр

Фото ашық дереккөзден

Қарағандыда белгісіз заттан улануы салдарынан бір бала қайтыс болып, алтауы жансақтау бөлімінде жатыр деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

«Қарағанды облыстық Балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 30 шілде күні екі баланың жағдайы нашарлаған. Олар құсқан. Артынша тағы 10 бала ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер күш салғанына қарамастан біреуін аман алып қалу мүмкін болмады. Қазіргі таңда алты бала жансақтау бөлімінде жатыр, қалғандары дәрігерлердің қарауында», - делінген аталған хабарламада.

Қазіргі таңда қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, қылмыстық іс қозғалған. Іс Қарағанды облысының арнайы прокурорларына берілді. Мекеме директорының міндетін атқарушы жұмысынан шеттетілді.