Алматы облысында медбикені жұмыс орнында өлтіріп кетті деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Тәртіп сақшылары көп ұзамай Қарасай ауданында күдіктіні қолға түсірді.
7 тамыз күні сағат 17:00-де Қарасай аудандық ауруханасына 45 жастағы әйел келіп түскен. Оның кеуде тұсында бірнеше пышақ жарақаты болған. Жәбірленуші есін жимай қайтыс болды.
«Аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Шұғыл іздеу шаралары барысында Қошмамбет ауылының 42 жастағы тұрғыны ұсталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деп хабарлады полицейлер.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, оқиға марқұмның жұмыс орнында болған. Күдіктінің өзі болса қылмысқа жеке бас араздығы себеп болғанын айтып отыр.