Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаевқа қатысты Антикор тергеу жұмыстарын аяқтады деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Ол қызметін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Антикордың жүргізген тергеу қорытындысына сәйкес, Балтаев «Aqjaiyq» ҮКК басқарма басшысының бірінші орынбасарына өзіне қарасты компаниялармен келісімшартқа отыруға тапсырма берген. Келісімшарт аясында ақша аударылғанымен, қызмет көрсетілмеген.
Ведомствоның мәліметінше, шенеунік өз кінәсін толық мойындағандықтан, оны қамауда ұстау туралы шешім шықпаған. Қылмыстық іс сотқа жолданыпты.
Еске салайық, бұған дейін Балтаевтың ұсталғаны туралы әлеуметтік желілерде жазылғанда Антикор мұны растамаған еді. Ал, БҚО әкімі бірінші орынбасарын жұмыстан босатқан.