«Тойдан шығып, демалуға барған»: Сырдарияға батып кеткен 11 адамның сегізі кішкентай балалар

Азамат Ахметов
Көрнекі фотосурет

Сырдарияға батып кеткен туыстар тойдан шығып, демалуға барған. Түркістан облысы әкімдігінде қайғылы жағдайға қатысты жаңа дерек айтылды.

Түркістан облысында Сырдария суына батып кеткен адамдарды іздестіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Суға батып кеткен 11 адамның 8-і кәмелет жасқа толмаған.

«Бұл жерде бір әулеттің отбасы тойдан шыққан соң су жағасына демалуға барған. Баршасы ол орынның шомылатын жер емес екенін білген. Себебі, ешбірі суға шомылатын киіммен түспеген. Су жағасында отырғанда кішкентай қыздың бірі аяғы тайып, құлап кеткен. Оны құтқармақшы болып соңынан анасы мен әкесі секірген. Содан ағын судан шыға алмай қалған деген болжам бар. Ал, аман қалған отбасы мүшелеріне көршілері мен ағайындары көмектескен», - делінген Түркістан облысы әкімдігі тарапынан берілген ақпаратта.

Сондай-ақ бұл оқиғаға қатысты Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пікір білдірді.

«Қазір іздеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар, тергеу органдары бұл оқиғаның себебін анықтауға кірісті. Қайғылы оқиға болған жерде суға шомылу үшін тиісті жағдай жасалмаған. Ол жерге төрт отбасы демалуға барған. Лауазымды адамдардың жауапкершілігі тексеруден кейін анықталады», - деді Шәріпханов.