Сырдариядағы қайғылы оқиғаның жай-жапсары белгілі болды

Азамат Ахметов

Түркістан облысында суға кеткендердің саны 9-ға жетті. Тағы екеуінің денесі әлі іздестіріліп жатыр деп хабарлады КТК телеарнасы.

Жантүршігетін жағдай Отырар ауданында болған. Сырдария өзеніне демалуға барған бір әулеттің 11 адамы бір мезетте суға кеткен. Көпшілігі кәмелетке де толмаған балалар.

Кешелі бері құтқарушысы мен еріктілерден құралған ұзын саны 200-ден астам адам іздестіріп жатыр. Әзірге 12 және 10 жастағы ұл мен қыздың денесі табылмай жатыр. 

Оқыс оқиға кеше кешкі сағат бес шамасында Сырдария өзенінде болған. Құдалыққа жиылған әулиет тойдың ертесіне суға түсуге дәрияға барады. 20 адамның тең жартысы кәмелетке де толмаған балалар екен. Демалып жатқан кезде балалардың бірі суға тұншығып, оны құтқаруға ересектер ұмтылғанда, қалған балақайлар суға артынан секіріпті.

«Бірінші сол үйдің бір баласы суға түсті деді. Кішкентай емес, 10-сыныпты бітіріп қойған сияқты. Содан соны құтқарам деп анасы кеткен. Анасының артынан баласы мен қыздары секіре берген дейді ғой. Құтқарам деп кеткені шығар, басқа не болады? Бір үйден бесеуі кетті, анасымен қосқанда. Бір үйден үшеу кетті. Бәрі бір атаның балалары ғой. Бір атадан төрт бала болса, соның ұл-қыздары ғой, немерелері», - дейді Көксарай ауылының тұрғыны Мұсабек Сарымбет.

Суға кетіп жатқандардың «құтқарыңдар» деп шырылдаған дауысын жақын маңда балық аулап отырғандар мен іргедегі жолмен кетіп бара жатқан жұрт естіп көмекке келген. Әйтпесе суға 20 адамның бәрі түгел кетуі де мүмкін еді.

Қазір оқиға орнынан бастап төрт шақырым өзен іші мен жағасын сүзіп, іздестіріп жатыр. Оған мотор қайықтар, 150 құтқарушы мен полицей тартылып, тіпті дрондар ұшып жүр. Кешелі бері тынбай су ішін тінтіп жүрген сүңгуірлер үш денені судан алып шыққан. Сонымен барлығы 9 адамның мәйіті табылды. Кішкентай екі бала әлі іздестіріліп жатыр.