Астанаға келушілер бойынша шектеу болмайды – Тамара Дүйсенова жаңа мәлімдеме жасады

Азамат Ахметов

Тұруға жарамайтын ғимараттарға адамдарды тіркеуге болмайды

Time.kz

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Астанаға келушілерді шектеу жайлы өзі айтқан ақпаратты қайта теріске шығарды.

Бүгін Үкімет отырысында министр Тамара Дүйсенова инфрақұрылымның шектеулігіне байланысты елордаға келушілер санын шектеу мәселесін қарастырып жатқанын айтқан болатын.

Сағат 17:30-да өткен брифингте министр аталған мәселеге қатысты қайта мәлімдеме жасады.

«Қазақстанның азаматтары үшін Астанаға келіп тұру, кіру, шығу бойынша шектеу болмаған және болмайды да. Конституцияға сәйкес осы күнге дейін елордаға келу мен кетуге ешқандай шектеу болмаған. Осыны барлығыңызға жеткізейін деп едім. Үкімет отырысында Бас жоспардағы шектеу жайлы айтылды. Ішкі көші-қонушыларды тұратын жер бойынша саяжай және баубақша серіктестеріне есепке қою алып тастау ұсынылды. Қазір тұруға арналмаған орындарға адамдарды тіркеуге болмайды», - деді Дүйсенова.