Ұлыбританияда Назарбаевтар әулетінің аса қымбат мүлкі табылды

Азамат Ахметов

Назарбаевтардың шетелдегі барлық мүлкінің құны 785 млн доллардан асады

Фото ашық дереккөзден

Британия билігі ел астанасында Назарбаевтар әулетіне тиесілі аса қымбат жылжымайтын мүліктің бар екенін мәлімдеді. Лондонның оңтүстігіндегі нысанның құны 50 миллион доллардан асады.

Экс-президенттің отбасына тиесілі жылжымайтын мүлік офшорлық компанияларға жазылған. Бірақ, Ұлыбритания билігі оның нақты иесі кім екенін қиындықсыз анықтаған деп жазады Times газеті. Атап айтсақ, Ресейдің Украинаға қарсы окупациялық соғысынан кейін британ билігі елдегі шетелдік компанияларға өздеріне тиесілі нысандарды декларациялау жөнінде талап қойған. Осыдан кейін талай ғимараттың шынайы иелері анықтала бастады.

Мәселен, Дариға Назарбаеваның Лондонның солтүстігінде жылжымайтын мүлкі бар. Оның құны – 9,3 миллион фунт. Сондай-ақ, Дариға Нұрсұлтанқызының Челси ауданында жалпы құны 31 миллион фунт болатын екі пәтері бар екені де анықталды. Бұл мүліктің бәрі Панамадағы Tropicana Assets Foundation және Villa Magna Foundation офшорлық компанияларына жазылған.

Ал, Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың Беркшир ауданында (Лондон) құны 15 млн фунт болатын хан сарайындай үйі бар. Сондай-ақ, Гайд-паркке жақын маңда тағы бір жылжымайтын мүлкі бар. Оның құны – 1,5 млн фунт.

Бұл аз болса экс-президенттің отбасы мүшелерінде Испанияда, Швецарияда, Францияда, АҚШ пени Чехияда және Ұлыбританияда үйлері мен сарайлары бар. Олардың жалпы құны 785 миллион доллардан асады.