Түркияда қазақстандық журналист пен оның кішкентай қызы жол апатынан қаза тапты

Азамат Ахметов

Сондай-ақ, Ресейдің бір азаматы да көз жұмды

Түркияда ірі жол апаты салдарынан қазақстандық журналист кішкентай қызымен бірге қаза тапты.

AtyrauPress жазуынша, марқұм болған Арайлым Бақытжанның күйеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілген, ол жансақтау бөлімінде.

Арайлым Бақытжан журналист әрі «Зейін Атырау» балаларды оңалту орталығының негізін қалаушы ретінде танымал болған.

Белгілі болғандай, жол-көлік апатынан 3 адам қаза тауып, тағы 17 адам әр түрлі жарақат алған. Оның екеуі – Қазақстан азаматы, екеуі – Ресей, алтауы – түрік, жетеуі Израиль азаматы.

«Анталиядан қайғылы хабар келді... Атыраулық журналист, «Зейін Атырау» ерекше балаларға арналған оңалту орталығының негізін қалаушы Арайлым Бақытжан қайтыс болды. Онымен бірге кішкентай қызы да көз жұмды. Ал күйеуі ауыр халде ауруханада жатыр», - деген Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев журналистің отбасына көңіл айтты.

Оның айтуынша, қазір Қазақстанның Түркиядағы елшілігімен келіссөздер жүргізіліп, отандасымыздың емделуіне барлық жағдай жасалып жатыр.

Сондай-ақ қаза тапқандардың мәйітін жеткізу жұмысы да ұйымдастырылып жатыр.