ФИФА басшылығына бұл ұсыныс жеткізілген
Жақын болашақта Қазақстан мен Өзбекстан бірігіп футболдан жастар арасында әлем чемпионатын өткізуі мүмкін. Бұл туралы спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен «Бірінші бол» YouTube-каналында болған подкастта айтты.
Қазақстандағы стадиондардың мәселесін көтерген сарапшы еліміздің оңтүстік өңірлеріне сыйымдылығы үлкен спорт нысандарын салу маңыздылығын айтты. Ал, қазақ-өзбек елдері әлем чемпионатын өткізе алатын ахуалға ие дейді ол.
«Бұл – арман емес, бұл жүзеге асыруға болатын мүмкіндік. Бұл мәселені ФИФА президенті Қазақстанға келгенде де көтердік. УЕФА президенті Чефери де Әділет Барменқұловпен (ҚФФ президенті – авт.) байланысқа шыққан. Қазақстан – Орталық Азиядағы ірі мемлекет, оны футбол орталығына айналдыру қажет», - дейді Е.Мәулен.
Ал, ФИФА президент Қазақстан астанасынан офис ашуды жоспарлап отыр екен. Өйткені, бас штаб орналасқан Швейцариядан Азияның өзге елдеріне тікелей қатынау айтарлықтай қиындық тудыратын көрінеді.