Көліктердің бірі жолдың қарсы бағытына шығып кеткен
Шығыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол-көлік апаты салдарынан 4 адам, оның ішінде екі жасөспірім қаза тапты.
Облыстық полиция департаментінің дерегінше, қайғылы оқиға 2 қаңтарда сағат 22:20 шамасында Өскемен – Шемонаиха автожолының 8-шақырымында болған.
«Глубокое ауданының Уварово ауылы маңында Toyota Corona Premio және Toyota Vista маркалы екі автокөліктің соқтығысуы салдарынан жол апаты болып, 4 адам, оның ішінде кәмелет жасына толмаған екі жасөспірім қаза тапты», - делінген ПД хабарламасында.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Болған оқиғаның барлық мән-жайлары анықталып жатыр.
«Полиция департаменті осы қайғылы апатта қаза тапқан жандардың туыстары мен жақындарына шын жүректен қайғыра көңіл айтады және жол қозғалысы қатысушыларын белгіленген ережелерді қатаң сақтауға, жылдамдық режимін бұзбауға, маневр жасамауға, сондай-ақ жол және ауа райы жағдайларын ескеруге шақырады. Сақ болыңыз және сізді үйде күтіп отырғанын ұмытпаңыз», - делінген хабарламада.