Жараланғандар саны көп
Орал қаласындағы дәмханалардың бірінде өрттен кейін жарылыс болып, ғимараттың шатыры опырылып құлаған. Үйінді астында қалған адамдардың екеуі қайтыс болды деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Оқиға 4 қаңтар күні сағат 02.07-де Сырым Датұлы көшесі 52-мекен-жайында болды.
Оқиға орнына сағат 02:17-де жеткен өрт сөндірушілер екі қабатты RIZYQ дәмханасының ғимаратында алдын ала болжам бойынша газ-ауа қоспасының жарылысы болғанын хабарлады. Салдарынан ғимараттың 110 шаршы метр бөлігі қирап, 25 шаршы метр аумақты өрт шарпыған.
«Тілсіз жау сағат 02:40-та сөндірілді. Оқиға орнында өрт сөндірушілер мен жеке құрамнан 39 адам, 13 техника, жедел жәрдем бригадасы (18 адам, 6 техника) полиция департаменті (28 адам, 7 техника) қызметкерлері жұмыс істеді. Қазіргі уақытта БҚО ТЖД және облыс әкімдігінің күштерімен қираған үйінділерді тазарту бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деп хабарлады ведомстводан.
Оқиғаны БҚО әкімдігі де растап, оқиға орнына облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің арнайы барғанын, зардап шеккендер бар екендігін жеткізді.
ТЖД екі адамның қаза болғанын хабарлады. Үйінді астынан 6 адам құтқарылды, оның 5-уі ауруханаға жеткізілді.