Бүгін Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Астананың түбіндегі Қосшы қаласын су басу қаупі бар екенін ескертті.
Оның айтуынша, Нұра өзені арнасынан асса, Астана маңындағы үш елді мекенді су басуы мүмкін.
«26-30 наурыз аралағында Астана су қоймасына 150 млн текше метр су түсті. Ондағы су төгілмеу үшін 29 наурызда Есіл өзенінің арнасын жуу үшін төменгі бьефке су жіберілді. Қарағанды облысында орналасқан Самарқанд су қоймасы 100% толып тұр. Ұлытау облысында орналасқан Шерубай–Нұра су қоймалары бүгінгі таңда 96% толған. Осы Самарқанд және Шерубай–Нұра су қоймаларынан тасталған және төмен жағынан қосылатын ағындарды есептесек, Нұра өзені арқылы Преображенск су торабына шамамен 2500 м3/сек су ағады деген болжам бар. Осыған байланысты, Қошқарбаев, Қосшы, Тайтөбе елді мекендерін су басу қаупі төніп тұр», - дейді Нұржігітов.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы Қосшы елді мекеніндегі халықтың саны елу мың адамнан асқан соң, Президенттің Үкімімен ол қала мәртебесіне ие болған. Астана түбіндегі қаланың көп халқы елордаға келіп жұмыс істейді.