Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша республикалық бюджет шығысы – 6,9 трлн теңге. Оның ішінде атқарылмаған сома – 65 млрд теңге. Ал игерілмеген сома 58 млрд теңге. Бұл туралы Үкіметте Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
«Мемлекеттік бюджетке 6 трлн 554 млрд теңге, республикалық бюджетке 4,4 трлн теңге сомасында кіріс түсті. Кіріс бойынша жоспар 41 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар – 11 млрд теңгеге, салықтық емес кірістер – 29 млрд теңгеге асыра орындалды», - дейді Жамаубаев.
Оның айтуынша, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері ірі сомаларды әлі игермей отыр.
«Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдер мен шарттар жасасу рәсімдерінің ұзақ жүргізілуі, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау, төлеуге берілетін шоттардың кеш ұсынылуы», - дейді Қаржы министрі.