Қазір қазақ қоғамында хиджаб, сақал дауы тағы да өрши бастады. Елге танымал әнші-блогерлер жаппай «діндар» болып, халықты тағы да екіге жарды. Осыған байланысты абайтанушы ғалым Омар Жәлел дінді түсіну туралы өз ойын Faccebook-парақшасында жазды.
«70 жылдық атеистік кезеңнен кейін қазақ қоғамы дінді алақайлап қарсы алғаны да рас. Дін бейне бір көптен күткен, зарығып көрген қалаулы баладай қазақ социумына еркелей де еркін енді. Ерке баланың еркелігін еркіндікке балаған қауым діннің қазаққа жат көп қырына көз жұма қарағаны да рас. «Ерке баладан жынды бала жақсы» демекші, діннің «еркелігі» жынды баладан да ауыр тиетінін балаң, діни сауаты аз, ақыл-ойы жетілмеген инфантильді қазақ социуымы қаперіне де алған жоқ. Сол дін енді бүгін қазақ қоғамының бас ауруына айналып отыр. Санасы сергек Алаш арыстары дінге неге сыни көзқараспен қарағанын енді ғана ептеп түсіне бастағандаймыз. Ең құрығанда бізде осы Ахмет, Әлихан бастаған алаштықтардың дінге қатысты ащы тәжірибелерін меңгеру ісі де кенжелеп қалғанын жасырмай айтуымыз керек. Тарих қайталанады дейді. Сол рас екен. Сол дінге деген талғамсыздық, талғаусыздық, сыни ойдың жоқтығы шекемізге тиіп отыр. Енді қайтпек керек?! Дүреге (муштра) негізделген, қоғамды өркениеттің жарығына қарай емес, қараңғылық пен надандықтың түнегіне қарай сүйреген діннен тұла бойы шіміркеніп, аза бойы қаза болған Шоқандай діннен бас тартамыз ба, әлде Шәкәрімше діннің тазасын іздейміз бе? Қалай болғанда да біз бір шешім қабылдауымыз қажет. Өзі бір шешімге келе алмаған қазақ қоғамы бір шектен екінші шекке ұмтылып өз ара ара-дара болуда», - деп жазды ол.
Омар жәлелдің пікірінше, біздің жол – ортаңғы жол: дінді жоққа да шығармаймыз, діншіл де болып кетпейміз.
«Ортасын ұстанамыз. Абай, Шәкәрім сынды ойшылдардың бай тәжірибесіне сүйене отырып, таза ақылмен діннің тазасын тауып аламыз. Сөйтіп "Құдайдың құдіреті адам арқылы көрінеді" деген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни тәжірибесіне сүйене отырып, адамды дамытатын, кемелдікке жеткізетін, Құдайды танып, Құдайдай бола алмасақ та, Құдайға ұқсап (Болмасаң да ұқсап бақ!) бардан барды жарататын жасампаз тұлғаға айналамыз. Сонда ғана біздің ғибадатымыз толық болып, Құдайға шын құл болудың мәнісін меңгереміз», - дейді ол.