Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде ұлттық ойындардың орны

Азамат Ахметов
Егемен Қазақстан

Қазіргі таңда өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімімен қатар денсаулығына да баса назар аударылуда. Дене тәрбиесімен жүйелі шұғылдану арқылы жастардың денсаулығын жақсартуға болады, яғни мықты денсаулықтың кепілі спорт. Ал денені шынықтыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпалын тигізетін халқымыздың мәдени мұрасының бірі – ұлттық ойындар.

Ұлттық ойындар – ата-бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінін байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан оны күнделікті өмірде қолдану қазіргі ұрпағымызға үлкен пайда әкеледі. Ойын баланың өмір есігін ашады, оның шығармашылық қабілетін оятып, өмір бойы жалғасады. В.А. Сухомлинскийдің пікірінше, «ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы болмайды және мүмкін емес. Ойын әлеміне үлкен жарық терезе ашылады, ол арқылы баланың рухани сезімін шығармашылықпен ұғынады. Ойын – білімге құштарлыққа еліктеудің жанар ұшқыны. Санаға жігер беретін, қиялға қанат бітіретін, санаға жол сілтейтін, денсаулық кепілі, өмір тынысы болған сондай тамаша нәрсе бұл- ойын.

Ойындарды мақсатты пайдалану мәселесі қандай да бір деңгейде мектепке дейінгі тәрбие беру теориясы мен оқыту тәжірибесінде шешімін тапқан. Педагогикалық ғылымның аталған саласына Л.А. Венгер, В.В. Давыдов, А.В. Запорожец, Н.Н. Подьяков, А.П. Усова,
Д.Б. Эльконин және тағы да басқа ғалымдар өздерінің елеулі үлестерін қосты.

Оқыту процесінде халықтық педагогикасының құрамдас бөлігі – ұлттық ойындарды пайдаланудың маңыздылығы жайлы жазылған еңбектер аз емес. Олардың ішінде
К.Б. Жарықбаев, С.Қ Қалиев, С.А. Ұзақбаева, Р.К. Төлеубекова, Е. Сағындықовтың зерттеу еңбектері. 

Ұлттық ойындар мерекелер де маңызды қоғамдық мағынаға ие болған. Дәстүрлі халықтық ойын-сауықтар сол немесе басқа дәрежеде қазақ халқының шаруашылық, күнделікті, рухани өмірі салаларын қамтиды. Ерте кезде көшпенді ортада туындаған дәстүрлі ойындар қазақтардың дүниетанымы мен материалдық мәдениетінің ерекшеліктерін бейнелейді, сонымен қатар маңызды тәрбиелік, эстетикалық және діни қызметтерді атқарады. 

Қоғамның әскери өмірімен қатар шаруашылық қызметіне қатысты әскери-спорттық ойындар да кең және әмбебап қызметті атқарды. Мұндай ойындарға сайыс, аударыспақ, жамбы ату, алтын қабақ, бәйге, күрес және т.б. жатады. Ойындар мен ойын-сауықтардың бір бөлігі еске алу және жерлеу рәсімдерінің, сонымен қатар неке қию салтанатының жүйесіне кіретін діни және әдет-ғұрыптық қызметтерді атқарды. Олардың көбісі даму және қайта қалыптасу нәтижесінде өздерінің алғашқы мәнін жоғалтты. Халықтың мерекелері (мейрам, той, ас) мен ойындары айтулы оқиғаларға орай ұйымдастырылған және қоғамдық сипатқа ие болды.

Мектепке дейінгі балаларға ұйымдастырылған іс-әрекет барысында пайдаланылатын ойындардың  құрылымдық жіктелісі

1. Аңға байланысты ойындар: ақсерек-көксерек, аңшылар, аңшылар мен қояндар, кірпіше қарғу, қас-құлақ, ордағы қасқыр. 

2. Малға байланысты ойындар: аларман (қойға қасқыр шапты), асау көк, бура-қотан, көксиыр, соқыр-теке, түйе мен бота. 

3. Түрлі заттармен ойналатын ойындар: ағаш аяқ, аққала, ақпа, ақсүйек, ақшамшық, алакүшік, алты-бақан, арқан аттау, арқан тартпақ, арқан тартыс, арынды арқан, асау мәстек, асық, аттамақ, ауыртаяқ, әйкел, әуетаяқ, батпырауық, белбеу соқ, белбеу тартыс т.б. 

 4. Зеректілікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін ойындар: айгөлек, айдапсал, атқума, аударыспақ, бағана өрмелеу, балтам шап, бөріктастамақ, бұғнай, бұғыбай, бұқатартыс, жасырынбақ, жаяу жарыс, көкпар, көрші, күрес. 

5. Соңғы кезде қалыптасқан ойындар: әріп таңдау, бригада, мейрамхана, нөмір, пароль, пошта, сымсыз телефон, сыңарын табу. Бұлардың ішінде бірқатар ойындар спорттық, той ойындары болып саналады. Ал енді, қазақтың ұлттық ойындарының ішінде «қуырмаш» тәрізді жас сәбилерге арналған да ойындар бар. 

Қазақтың ұлттық ойын жарыстарында денсаулықты сақтау жолы да, өзін-өзі қорғау амалдары да айқын. Денсаулықты сақтаудың шарты – денені шынықтыратын қозғалыс пен жаттығуда, ағза мен жүйке тамырлардың тынысын реттеуде, рухты жоғары ұстай білуде. Дене шынықтыру  - денсаулық көзі, денсаулықты сақтау үшін әрекет; адамның күш мүмкіншілігін дамыту, жеңіске деген жігерін шыңдау, қиыншылыққа төзу қимыл-әрекетін шоғырландыра білу, соларға үйрену. Мектепке дейінгі балаларға дене тәрбиесін беруде ұлттық ойындарды қазіргі заманғы ойындармен байланыстыра отырып өткізген өте маңызды. Себебі, өмірге қажетті дағды мен іскерлік табиғи қозғалыстың басында қалыптасады. Табиғи қозғалыстың түрлері: жүгіру, қарғу, жүзу, лақтыру, шаңғы, велосипед тебу, акробатика және т.б. жас адамның денесі түрлі жаттығулар көмегімен ширап, дамиды. Сондықтан күш, жылдамдық, төзімділік, икемділік сияқты адам қабілеттерін дамыту жастардың қозғалтқыш тәжірибесін байытады, дене қозғалысын үйлестіреді. Мысалы, жылдамдық ең қысқа мерзімде қимылды орындау қабілеті, ал ептілік адамның жаңа қимылдарды тез игеру қабілеті. Жеке адамды жан-жақты дамытуда дене тәрбиесінің маңызы өте зор.

Мектеп жасына дейінгі балалар денесінің дұрыс дамуы, денсаулығының нығаюы, жұмыс қабілетінің артуы сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына қарсы тұрады. Жақсы денсаулық адамның еңбек және қоғамның іс-әрекетіне жемісті қатысуының маңызды кепілі. Жастардың денсаулығына қамқорлық жасауға біздің қоғамымыз мейлінше мүдделі.

Қазақ халқының ұлттық ойындары сан алуан. Міне, осы ұлттық ойындар ұрпақтан-ұрпаққа тарап, бірін-бірі жалғастырып, осы заманға жетіп отыр. Ендігі жерде болашақ педагогтердің мақсаты – осы ойындарды ұмыт қалдырмай, келешек ұрпаққа табыстау. Себебі ұлттық ойыннан сол халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, тамашалаймыз. Халқымыздың ұлттық ойындары арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың шапшаң, әрі тез қозғалуын, дүниетанымын, тапқырлығын, батылдық пен ұжымшылдық қасиеттерін қалыптастыруға болады. Сонымен қатар, ұлттық ойындар балалардың дене тұлғасының сымбатты қалыптасуына ықпалын тигізеді.   

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ, 
Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы 
кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к. Г.Т. Танабаева,
аға  оқытушы Ж.Б. Балажанова

Сізге қызықты болады