Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Болат Назарбаев үш қаладан 240 гектар жерді заңсыз алған - Ерлан Сайыров

Азамат Ахметов
Фотоколлаж

Болат Назарбаев 5 жыл ішінде Қаскелең, Талғар, Нұр-Сұлтан қаласынан жерлерді заңсыз алған. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы кезінде Кеңес төрағасы Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды Qonaev.info тілшісі Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.

«Қазір ел-жұрттың бүгінгі жағдайына назар аудару керек. Инфляция деңгейі өте жоғары. Халық кедейленіп барады. Жанар-жағармай бағасы шарықтап, солярканың литрі 450 теңгеге жетті. Қарапайым шаруа қалай күн көреді? Өткен билік кезіндегі ығайлар мен сығайлардың жемқорлық, протекция істерінен сабақ алуымыз керек. Болат Назарбаев есімді азамат 5 жыл ішінде Қаскелең, Талғар, Нұр-Сұлтан қалаларында коттедж қалашығын және әкімшілік ғимарат пен базар салуға 240 гектар болатын 59 жер телімін алған деген ақпарат бар. Бұл кісінің фамилиясына берілген құжаттар менің қолымда. Аталған жер телімдерінің бағасы нарықта жүздеген млн доллар тұрады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2 млн азамат 10 соттық жерді ала алмай телміріп жүр. Бұл неткен әлеуметтік теңсіздік? Конституциядағы теңдік принциптері қайда? Осындай жағдай халықтың ашуын туғызатыны сөзсіз. Мұндай бұраудың міндетті түрде сұрауы болады», - деді Ерлан Саиров.

Ол осы мәселені партия жанынан құрылған кеңес нақтылауы керек екенін айтып, тапсырма берді.

«Кеңес аппаратына осы мәселемен айналысуды тапсырамын. Болат Назарбаевпен қатар, Тимур Құлыбаевтың да Қазақстанның әр жерінде иемденіп алған жерлері бар. Соны да тексеру керек»,- деді Мәжіліс депутаты.

Сізге қызықты болады