Болат Назарбаев Іле-Алатау ұлттық саябағының шұрайлы бөлігін өз атына аударып, жеке тұрғын үй салған. Бұл туралы заңгер Бақытжан Базарбек айтты, деп хабарлайды Qonaev.info Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.
«Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі және техникалық қамтамасыз ету басқармасының дерегі бойынша Іле-Алатау ұлттық саябағының жер учаскесі ерекше қорғалатын табиғи аумақтық жерлердің құрамына кірмейді. Бұл бізде жеке жер қорының тізіміне, яғни көлік-коммуникация саласына қатысты санатқа еніп отыр. Көлік өнеркәсібі құрамына кіретін жер бұл зауыт, өнеркәсіп салуға, транспорт бағытына жататын жерлер жол салуға арналуы тиіс еді. Бұл ретте жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізуге, тұрғын үй салуға арналып отыр.
Бізде Жер кодексінің 7-бабында анық көрсетілгендей, жер учаскелері шаруа-фермер қожалығын жүргізу, ауыл шаруашылығы тауарын өндіру мақсатында бөлінген. Бірақ бұл салаға мүлдем қатысы жоқ тұрғын үй және өндірістік объектілер салынған. Іле-Алатау ұлттық саябағының жер учаскесі Болат Назарбаевтың иелігінде. Ол – тұңғыш президенттің туған бауыры. Ол бұл жер учаскесін 2006 жылғы заңдастыру туралы шешімнің негізінде жекеге өткізіп алған», - дейді заңгер.
Оның айтуынша, Іле-Алатау ұлттық саябағының бас жоспарында Болат Назарбаев қосалқы жер пайдаланушы ретінде тіркелген. Осы ретте оның қалай қосалқы жер пайдаланушы ретінде тіркеуде тұрғаны түсініксіз.
«Біріншіден, аталған парк 1999 жылы қалыптасты. 2004 жылы орналастыру жобасы бекітілді. 2003 жылы орман орналастыру жобасы бекітілді. Қамқорлыққа алынған барлық ұлттық парктердің шекарасы жоғарыда аталған екі жоба бойынша бекітіледі. Егер Мемлекеттік табиғи ұлттық парк 2002 жылы, орман орналастыру жобасы 2003 жылы бекітілген болса, онда заңдастырумен айналысатын комиссия қандай жолмен аталған паркті Болат Назарбаевтың атына заңдастыру туралы шешім қабылдады? Бұл бірден жер туралы заңның 104-бабына қарама-қайшы келіп отырған жоқ па?
Жер кодексіне сәйкес, олар ерекше қорғалатын табиғи аумақ жерін иеліктен шығаруға тырысады. Әкімдіктің я болмаса заңдастырумен айналысатын комиссияның шешімі Іле-Алатау ұлттық саябағының жер учаскесін Болат Назарбаевқа оған меншік құқығы немесе жер пайдаланушысы ретінде құқық береді және бұл жер учаскесі ұлттық парк шекарасының контурынан іс жүзінде алынып тасталынады. Салдарынан ұлттық парктің жер учаскесін қайтадан анықтау керек болады. Бірақ осы уақытқа дейін ұлттық парк Болат Назарбаевтың заңдастыру шешімін жоюға арыз бермегенін көріп отырмыз», - дейді Бақытжан Базарбек.
Іле-Алатау ұлттық саябағының қанша бөлігі Болат Назарбаевтың иелігіне кетті? Бұл сауалға заңгер былайша жауап берді:
«Ауқымды бөлігі деп айта алмас едім. Бұл жағын анықтау керек. Мәселе жер учаскесінің белгілі бір бөлігінің айырбасталғандығында болып отыр. Болат Назарбаев парктің шұрайлы бөлігіне тұрғын үй салған. Бұған дейін аталған мәселеге қатысты Табиғат қорғау прокуратурасы, Іле-Алатау ұлттық саябағының орман инспекторы, осыған жауапты барлық құзырлы органдардан осы уақытқа дейін ешқандай әрекет болған жоқ. Тек қазір ғана осы мәселе көтеріліп, талқылауға шықты. Әрине бәріміз тұңғыш президенттің туыстарына ешкімнің шамасы келмегенін жақсы білеміз. Оған тексеру жұмысын ешкім жүргізбегенін көріп отырмыз. Енді қаңтар оқиғасынан кейін олигархтардың қол астында болған ірі, шұрайлы жер учаскелері туралы деректер шыға бастады», - дейді заңгер.