Павлодарда спорт мектебінің бухгалтері бюджет қаражатын жымқырып келген, деп хабарлайды Qonaev.info Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облыстық Туризмді және спортты дамыту басқармасына қарасты «Батыр» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің есепшісі бюджет қаражатын жымқырып келгені анықталған. Бухгалтердің қылмыстық әрекеті салдарынан мемлекетке келген материалдық залал сомасы 8,3 млн теңгегені құрады.
«Тергеу барысында айыпталушы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2020 жылдың 11 қарашасына дейінгі кезеңде білім беру және ақылы қызметтерді көрсетуден, оның ішінде спорттық жабдықтарды, объектілерді жалға алудан, пайдаланудан, конькилерді, шаңғыларды, роликті конькилерді, жүзу бассейндерін жалға беруден түскен түсімдерді (қолма-қол ақшаны) алып отырған. Алайда, кассалық-кіріс чегін бермеген», - деп жазылған Экономикалық тергеу департаментінің хабарламасында.
Павлодар қаласының № 2 соты есепшіге үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.