Сақалдылар Алматыдағы медиаорталықты өртеп жіберген

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

КТК телеарнасы Алматыдағы медиаорталыққа жасалған шабуылдың видеокадрларын көрсетті. Қаңтар басында болған бүлік кезінде мегаполистегі бірнеше ғимарат өртеніп кеткен болатын. Оның ішінде телеарналардың кеңселері де бар.

Аталған видеокадрлардан бірнеше ер азаматтың намаз оқып тұрғанын көруге болады. Құлшылығын жасап болған соң олар медиаорталықтың ғимаратына бас салады. БАҚ өкілдері отыратын кеңселерді қиратып, қолына түскеннің бәрін бүлдіреді.

«Біздің қолымызға бейнебақылау камералары түсірген кадрлар тиді. Оны көрсеңіз көп нәрседен хабардар боласыз. Міне, мына кадрларда бірнеше адамның бейбіт түрде құлшылық жасап тұрғанын аңғаруға болады. Артынша олар бірауыздан ғимараттың қақпасын бұзып тастады. Олар ұйымдасқан және өз ісін кәсіби тұрғыда жасады. Кадрлардан ұйымдастырушыларды аңғару қиын емес, ал бұрыштарда жарақат алған тұтқындар отыр», - делінген КТК әзірлеген репортажда.

Журналистердің айтуынша, медиаорталықты қиратқан бүлікшілер алдын ала әбден дайындалған. Олар бірінші кезекте телеарналарды істен шығару керектігін білген.