Шымкентте алты баланы жалғыз өзі бағып отырған Карима Хайдарбекованы полиция 2 айға қамап тастаған деп хабарлайды Азаттық радиосы. Ол 5-6 қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздік кезінде алаңға шығып, митингке қатысқан.
Қамауда отырған әйел қорғаушысы Бақытжан Сатыбалдиевпен кездесіп, тағылған айыптармен келіспейтінін айтқан. Ал, алты балаға нағашы әжесі қарап отыр.
40 жастағы Карима Хайдарбекова қаңтардың төрті мен бесінде Шымкентте өткен наразылықтарға қатысқан. 8 қаңтарда оны полиция әкетіп, ертесіне жергілікті полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында қалалық мамандандырылған тергеу сотының отырысы өткен.
Сотқа аса маңызды істерді жүргізетін тергеуші тапсырған іс құжаттары бойынша, Карима Хайдарбекова 5 қаңтарға қараған түні Шымкент қаласы әкімдігі мен оның жанындағы «Көрме орталығы» алдында заңсыз митинг ұйымдастырған, жаппай тәртіпсіздік жасап, мемлекеттік мекемелер мен көліктерді бүлдіруге қатысқан деген күдікке ілінген. Тергеу органы белсендіні Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» (293-бап), «Ғимараттарға, құрылыс нысандарына шабуыл жасау» (269-бап), «Билік өкіліне күш қолдану» (380-бап) және «Бөтеннің мүлкін қасақана жою» (202-бап) баптарында көрсетілген қылмыстарға күдікті санайды.
Сот Карима Хайдарбекованың төрт бірдей ауыр дәрежелі қылмысты «адамдар тобымен алдын ала сөз байласып» жасауы мүмкін екенін, «тергеуге кедергі келтіріп, жасырыну қаупі барын ескеріп», оны 2 айға қамауға санкция берген. Қаулыда Хайдарбекованің жеке бас деректері, соттылығы мен жұмыссыз екені жазылғанымен, бұлтартпау шарасын жеңілдететін жағдай ретінде оның алты баласының екеуі мүгедек жалғызбасты ана екені көрсетілмеген.