Астаналық көпбалалы ана танымал айтыскер-ақын Балғынбек Имашевқа алданып, ақшасынан айрылып қалғанын айтты. Аузынан «Алласы» түспейтін айтыскер мұқтаж жандарға үй алып беремін деп, жұрттан ақша жинаған көрінеді. Шағымданған әйелдің видеосы бүгін Facebook әлеуметтік желісінде жарияланды.
«2021 жылдың тамыз айында ол кісі әлеуметтік желідегі парақшасында кооператив құрып, 300 мұқтаж адамға үй алып беремін, кезекке тұрыңдар» деді. Бұл қор ма, кооператив па білмейміз, себебі, қызметкерлердің өзі дұрыс ақпарат берген емес. Кезекке тұра беріңіздер, бір орынның құны 150 мың теңге тұрады деді. Менің ол кезде алтыншы балама аяғым ауыр еді, жүктілікке дейінгі берілетін жәрдемақы ақшасы түсіп, бірден кезек сатып алдым, қолымда түбіртегім бар», - деді көпбалалы ана.
Жәбірленушілердің ешқайсысы үй беретін ұйыммен сату-сатып алу келісімшартын жасамаған.
«Балғынбекпен WhatsApp арқылы келістік. Келісімшарт дайын болған кезде бізді кеңселеріне шақыратынын айтты. Ол кісінің аузында Алласы, бетінде сақалы болған соң сөздеріне сендім. Қараша айында Балғынбек мырза тікелей эфирге шығып, құжаттарының заңды түрде шыққанын мәлім етті. Бұл бір пирамида сияқты болып шықты. Балғынбек ол кезде бір базар салып жатқан. Менің болжауымша, біздің ақшамыз сол жаққа кетіп қалды», - деді Ақсана есімді келіншек.
Байқағанымыздай, жәбірленуші келіншек құқық қорғаушысымен бірге ақынның кеңсесінен тікелей эфирге шыққан. Сондай-ақ, кеңсеге құқық қорғау органының қызметкерлерін шақырған. Айта кететіні, күні бүгінге дейін ақынға алданған 300-ге жуық адам бар көрінеді.